Қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға жылына 140 млн теңге жұмсалады
Бұл тұқым халықтың ұлттық қазынасы ретінде танылды
Республикалық бюджет жыл сайын қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға 140 миллион теңге жұмсайды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, қостанайлық жылқы тұқымы – мамандандырылған ат спортына қолданылатын жалғыз тұқым. Сол себепті ұлттық ат спортын дамыту үшін кеңінен қолданылады.
Бұл тұқым халықтың ұлттық қазынасы ретінде танылды. Қазір республикада Қостанай тұқымды 228 бас жылқы және 1-ші, 2-ші буын будандары тіркелген, - дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Оның айтуынша, заң жобасына үш бірдей өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ол – «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң жобалары.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңда республиканың жылқы өсірушілері жылқылардың өнімді және спорттық бір бағытын құруды ұсынған.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға енгізілген түзетулер тұқымның стандарттарын спорттық бағыттар бойынша нақтылайды.
Отандық асыл тұқымды жылқылары туралы «қазақтың асыл тұқымды спорттық бағыттағы жылқылары» деген жаңа ұғым қалыптасады, - деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Барлық түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Субсидиялауға кететін шығындарды биыл 22 тамызда республикалық бюджет комиссиясы шешкен. Жыл сайын осы мақсатқа 140 миллион теңге бөлінетін болады.