Енді несие алудан шексіз мерзімге бас тартуға болады
Бұған дейін сервис 6 ай мерзімге ғана бас тартуға мүмкіндік беретін
Қазақстан азаматтары eGov.kz порталында банктік қарыздар мен микронесиелерді алудан шексіз уақытқа өз еркімен бас тарта алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады.
Бұған дейін сервис 6 ай мерзімге ғана бас тартуға мүмкіндік беретін. Енді несиелер мен шағын қарыздарды ресімдеуге мерзімсіз уақытқа тыйым салуға болады.
Өтінімді азаматтың өзі ғана береді. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Ол үшін eGov.kz порталында қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет, - деп жазылған хабарламада.
Қызметті алу үшін:
eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Кеден және салықтар» бөліміне өтіңіз;
тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік несиелерді, микронесиелерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;
қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қойыңыз;
көрсетілетін қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.
Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін:
«Банктік несиелерді, микронесиелерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;
«Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «иә» деп жауап беріңіз және қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қойыңыз.