Байзақтағы жарылыс үшін әскерилерге 23 млрд теңге төлеу міндеттелген
Сарбаздардың аналары өзіміз әрең күнкөріп отырған адамбыз дейді
Шымкенттің ауданаралық азаматтық сотында атышулы Байзақтағы жарылысқа қатысты сот шешімі шықты. Қорғаныс министрлігі сотталған сарбаздар мен офицерлерден 25 миллиард теңге өтемақы алуға шағымданған еді. Осыған қатысты өткен сотта судья Айгерім Омарова ведомство арызын ішінара қанағаттандырып, жазасын өтеуші әскерилерден 23 миллиард 764 миллион теңге өтеуге шешім шығарды. Бірақ мұнымен сарбаздардың аналары келіспейді.
Судьялардың осынша дәлелдерімізді ескермегеніне аң-таңмын. Біздің ештеңеге қауқарымыз жоқ. Қорғаныс министрлігі бізден соншама ақшаны қалай сұрап отырғанын түсінбейміз. Ондай соманы біз ешқашан тауып бере алмаймыз. Отбасымыз өте қарапайым, – дейді Ерпулат Тұрановтың анасы Жанар Хадирова.
Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотындағы іске сотталғандар онлайн қатысты. Қазір қос сарбаз Шымкенттегі №31 мекемеде жазасын өтеп жатыр. Аналары болса, ұлдарының жазықсыз екенін айтады.
Біз баламызды әскерге сеніп аттандырдық. Оқиғаны көрдім деп куәгер болған сарбазды кінәлаңдар деп біздің баламызды қинаған. Бірақ оған біздің балаларымыз келіспеген. Есесіне сол Нұрзат Қалдарбек біздің балалар кінәлі деп жауап беріпті. Сонда қазіргі әскер балаларымызды өтірік сөйлеуге үйретіп жатыр ма? – дейді Жанар Хадирова.
Мемлекетке беретін мұнша қаржымыз жоқ деген аналар өзіміз әрең күнкөріп отырған адамбыз дейді. Абақтыға жатқан балалары қазір түрме ішінде жұмыс істеуге кірісіпті. Олардың жаза мерзімін жартылай өтеп, бостандыққа шығамыз деген үміті болған екен. Алайда мына шешімнен соң қапастан жуық арада шығатындарына күмәніміз бар дейді.
Қорғаныс министрлігі өз айыптарын көрсетпеу үшін осы балаларды кінәлі етіп отыр ғой. Балаларымыз ешқандай айыппен келіспейді. Олар жазықсыз қамалып жатыр. Енді келіп, мына ақшаны мойнымызға ілгені – тіпті ұят, - дейді сотталушының анасы.
Шешіммен келіспеген сарбаздың қорғаушысы енді аппеляцияға арыз жазбақ.
Бүгінгі шыққан шешіммен толығымен келіспеймін. Болған оқиғаға Тұранов пен Әшірбайдың қатысы жоқтығын әлі күнге дейін айтып келе жатырмыз. Бірінші соттың үкіміне кассациялық шағым дайындап қойдық. Енді соны жіберу үстіндеміз. Бұл шешімге де аппеляциялық шағым береміз, - дейді сотталған сарбаздардың қорғаушысы Әміре Сағадат.
Еске сала кетсек, 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан 18 адам бақилық болған еді. Тағы 100 адам жараланып, бірнеше үй жарамсыз күйде қалды. Осыдан кейін апатқа айыпты деп қос сарбаз Ерпулат Тұранов пен Әсет Әшірбай қамауға алынды. Сот оларды алдымен 9 жылға бас бостандығынан айырып, кейін жаза мерзімі 13 жылға ұлғайды. Ал офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев 5 жылға бас бостандығынан айрылды.