Астанадағы этноауылдарға 3 күнде 70 мыңнан аса адам барған
Астана әкімдігі
bai-bol.kz | 10 қыркүйек, 2024
Онда еліміздің 200-ден аса қолөнер шебері өз өнімдерін ұсынады
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанада 5 этноауыл жұмыс істеп тұр.
Этноауылдар «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақтарында орналасқан. 3 күн ішінде оларға 70 мыңнан аса елорданың тұрғыны мен қонағы кірген, – деп хабарлады қала әкімдігі.
Айта кетсек, 10 гектар аумақта «Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер Әлемі» этноауылы ашылды. Этноауыл 7-13 қыркүйек аралығында сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді.
Этноауыл мынадай бірнеше орынға бөлінген:
- орталық алаң;
- ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы;
- халық музыкасына арналған шатыр;
- ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы;
- спорттық іс-шаралар;
- ұлттық тағамдар;
- басты сахна;
- аймақтардың этникалық қоныстары;
- қолөнершілер.
Сондай-ақ этноауыл аумағында көптеген кәдесый табуға болатын Шығыс базары ұйымдастырылған. Еліміздің 200-ден аса қолөнер шебері өз өнімдерін ұсынады.