Америкадағы қазақ кәсіпкер өз бизнесін 200 млн долларға сатқан
Ол шағын саналатын Орталық Азия нарығына шығуды жоспарламапты
Қазақ кәсіпкер Қанат Бектеміров Америкада бизнесін 200 миллион долларға сатты, деп хабарлады madeniportal.kz.
Енді заң тұрғысынан компанияның құрылтайшысы саналмаймын. Соған қарамастан, компаниядағы басты 4 тұлғаның бірімін, – дейді Қанат.
Бастапқыда америкалық ірі компанияның басшылығы оны стратегиялық мәселелер жөніндегі бас директор лауазымына тағайындаған. 3 жыл бұрын ол техникалық бөлімнің бас директоры қызметіне тұрды. Компанияның басшысы, негізін қалаушы, қаржы директорынан кейінгі төртінші тұлға саналады екен. Қазір оның қоластында 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Олар бірнеше өнімімен нарыққа шығып үлгерген.
Қанат өз стартапын іске қоспас бұрын жергілікті нарықты зерделеп, егжей-тегжейіне қаныққан. Оның айтуынша, Америкада тауарлардың бөлшек саудасын supply chain (жеткізілімдер тізбегі) аталатын алпауыт супермаркеттер және ритейлерлер (бөлшек саудагерлер) іске асырады.
Бұлардың әрқайсысына қатысты шешімін күткен мәселелер бар. Мысалы, Walmart, Amazon, Target, Kroger сияқты ірі компаниялардың ережелері де, регуляциясы да көп әрі әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Салдарынан, оларға тауар жеткізе алатын өнім берушілер де әралуан. Бір супермаркетте сатып алып үйренген брендіңізді басқасынан таба алмай қаласыз немесе жеткізушіні де лезде ауыстыра салуы мүмкін. Соның кесірінен компаниялардың қоймаларында тауарлардың үлкен қоры қалып қояды. Олар оны ірі супермаркеттер желісіне жеткізгенмен, қабылдамай қоюы, қабылдаса, ақысын төлемей қоюы, айыппұл салуы мүмкін. Оны басқа желілерге қалай жылдамырақ жеткізіп, өткізуге болады? Бизнестегі елеусіз қалатын осы және басқа проблемалардың шешімін ұсынамыз, – дейді америкалық қазақ кәсіпкері.
SupplyPike супер-гипермаркеттердің шет-шегі жоқ қаптаған ережелер жинағымен байланысты құжаттамаларды бір жерден реттеуге көмектесетін бағдарламалық қамтылым ұсынды. Оны Coca-Cola да пайдаланатын көрінеді.
Пысық, сөзге шешен Қанат Бектеміров банкирлермен, инвесторлармен келіссөздер жүргізудің шеберіне айналды. Ол өз бөлімінің капиталын 40 миллион долларға дейін ұлғайта алыпты.
Иелігімізде қомақты қаражат пайда болғаннан кейін біз мықты команда жасақтауға кірістік. Қазір соған қол жеткізіп отырмыз. Америкада білікті мамандарды өзге компаниялардан тартып алу – өте күрделі. Біздің тарапымыздан талап та жоғары болды, сондықтан біраз үміткердің меселін қайтардық. Ең басты бір мәселе – нарыққа қандай өніммен шығу, ойыншылар мен тұтынушыларды қызықтыру. Біздің артықшылығымыз –қарапайым тұтынушыларға барынша жақынбыз, командам жұртшылықпен қоян-қолтық араласады. Ірі компаниялар сияқты фокус-топтармен шектелмейміз. Қанымда қазақтың қонақжайлылығы, кеңпейілдігі бар. Бірақ менің басты кәсібім – бағдарламашы. Сондықтан жаңа жобаны жоспарлап, әрбір кодты жазбас бұрын, алдымен оның қанша жаңа клиентті тарта алатынын ойластырамын, – дейді Қанат Бектеміров.
Оның компаниясының негізгі клиенттері – өндірістік компаниялар. Өндірушілер өз өнімдерін Amazon, Walmart сияқты ірі желілерге өткізеді. Сондай-ақ компания бухгалтерлік қызметтер де көрсетеді. Мысалы, Қанаттың фирмасы Amazon-дардың қандай қоймаларында өз клиенттерінің қанша тауары қалғанын, сұраныс қаншалықты зор екенін шынайы уақыт режимінде есептеп, көрсетіп отырады екен.
Біздің 500-ден аса ірі клиентіміз бар, Американың өндірушілерімен ғана жұмыс істейміз. Өйткені бағдарламамыз тек АҚШ супер-гипермаркеттерінің жұмыс ережелеріне негізделген. Өндірушілер соған сай келуі үшін оларды бағдарлайды. Бірақ таяу жылдары Еуропаға шығуға ниеттіміз. Бұл қадамды жасамас бұрын еуропалық нарықтың проблемаларын зерделеуді, тек содан кейін шығуды жоспарлап отырмыз, – деді стартапшы.
Орталық Азия нарығына шығу жоспарларында жоқ көрінеді. Өйткені бұл нарықтың шағын саналатыны, ондаған миллиард доллармен есептелетіні мәлім. Қанаттың айтуынша, Батыстың нарықтарына жеткізу тізбегі 5-6 триллион долларға бағаланады.
Енді ол IT маманы ретінде жасанды интеллектпен айналысуды да жоспарлап отыр. Келесі стартапы сонымен байланысты болуы мүмкін.