«Несие алмаңыздар!» - белгілі коуч қаржылық сауаты жоқтарға кеңес берді
Несие рәсімдемей тұрып, өзіне 3 сұрақ қойып, соған жауап беруі керек
Белгілі қаржыгер, коуч Медер Аматов қазақстандықтарды қажетсіз несие алмауға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni.
Бұрын еліміздің банк жүйесінде жұмыс істеген Аматов соңғы 15 жылда халықтың қаржылық сауатын арттырумен айналысып жүр. Оның пікірінше, жұрттың көбі қалтасы көтере алмайтын қарызды алуға әуес.
Мен халықтың қаржылық сауатты болғанын әрі ақшамен байланысты қателікті жасамағанын қалаймын. Қателік деп отырғаным – өзі көтере алмайтын шығынды, мәселен, несие алуы. Көп жағдайда адамдар өздеріне аса қажеті жоқ нәрселерді алып жатады. Өйткені қаржылық сауаты жеткіліксіз. Банктерде жұмыс істегенде ондай мысалдардың талайын көрдім. Мысалы, бір жаға ұстатарлық жағдай болды. Банктен несие алған әйел қайтыс болып, анасының қарызын 8 жастағы қызының мойнына артып қойды. Банк үшін бұл – қалыпты жағдай. Сол сияқты, жұмыс істеп жүріп несие алып, бір күні мүгедек болып қалатын жағдай кездеседі. Несие өздігінен жойылмайды, ал ол адамда бұрынғыдай жалақы болмайды. Сондықтан қаржы маманы ретінде бәріне бірдей айтатыным – несие алмаңыздар, - деді ол.
Бұған қоса, коуч бөліп төлеуге де қарыз алмаған жөн деп есептейді. Тек қарызды қайтаратын қаржы дер кезінде түсіп тұратынына сенімді болған жағдайда ғана алуға кеңес береді.
Қаржылық сауат қиын да, қорқынышты да емес. Бірақ ол қажет. Ол қалыпты жағдайға айналу керек. Адам өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарап өмір сүруі қажет. Қазір көптеген жас әлеуметтік желідегі роликтерді көріп алып, бизнес бастаймын деп несие алып, қарызға батып жатыр. Соңында бизнесі жоқ, бірақ банктің алдында қарызы бар. Сондықтан кез келген адам қандай да бір зат сатып алмамастан бұрын, несие рәсімдемей тұрып, өзіне 3 сұрақ қойып, соған жауап беруі керек. Ол зат қажет пе, несімен маңызды және алғысы келе ме? Шығындарын осы 3 сұраққа топтастырып, жауап іздесе, ол өзі ойлағандай аса қажет болмауы мүмкін. Сонымен қатар қаржылық сауаттың тағы бір белгісі – шығындарын жазып отыру. Айдың соңында тізімді шолып шыққанда, қай шығынның босқа кеткенін байқауға болады. Яғни, бұл әдіс адамға қажетсіз шығыннан арылып, ақша жинауды үйретеді, - деп қосты қаржыгер.