Бизнесті тексеруге мораторий мерзімі ұзартылмайтын болды
Ұлттық экономика министрі депутаттардың ұсынысымен келіспейді
Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары бизнесті тексеруге мораторий мерзімін тағы бір жылға ұзартуды ұсынған еді. Ол ниеттері атқарушы орган тарапынан қолдау таппай қалды.
2019 жылы микро және шағын бизнесті тексеруге 3 жылға мораторий жарияланды. Содан кейін ол тағы бір жылға ұзартылды. Коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда және карантиннен кейін мораторий кәсіпкерлерге елеулі көмек болды. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2019 жылы шағын және микробизнес 128 мыңнан аса тексеріліп, 2020 жылы олардың саны 5 есе қысқарған. Осылайша, мораторий енгізу мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көрсетілген тиімді шаралардың бірі болды, - деді депутат Асқар Садықов.
Оның айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің небәрі 0,2%-ын қамтитын орта кәсіпкерлік осы саладағы өндірістің 20%-ын игеріп отыр.
Мемлекеттік қолдау шараларының барлығы, тіпті мораторий де шағын және микробизнеске бағытталған. Алайда орта бизнесті қолдауға қатысты ештеңе жоқ. Сондықтан табысы мол шағын кәсіпорындар орта бизнеске өткісі де келмейді, - деді депутат.
Сондықтан олар Үкіметтен кәсіпкерлерді тексеруге мораторий мерзімін тағы ұзартуды ұсынып, бұл тізімге орта кәсіпкерлікті де қосуды сұрады.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың желтоқсан айында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылған болатын. Президент тиісті Жарлыққа өзгерту енгізді.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров депутаттардың бизнесті тексеруге мораторийді тағы бір жылға ұзарту туралы ұсынысына келіспейтінін айтты.
Мен жоқ деп айтар едім. Онсыз да 2022 жылы бір жылға ұзартылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттеу жүйесінің жаңа түрі жүргізілуге тиіс. Тәуекелдерді басқару бақылаудың автоматтандырылған жүйесі болуы керек. Ол адамның қатысуынсыз іске асады. Физикалық тексерулерді 2 есе қысқартып, айыппұлдар санын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді, – деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, жасанды интеллект элементтері бар жүйе әртүрлі тәуекелді көрсетеді. Оларды анықтағаннан кейін ғана тексеріс жүргізіледі.
Бұл бақылау көлеміне байланысты. Мысалы, төтенше жағдай болса, сонда бұл ұйымда бұрын өрт болды ма немесе өрт қауіпсіздігіне қанша қаражат жұмсады, мұның барлығын жасанды интеллект элементтері бар жүйе оқиды, – деп түсіндірді министр.