Аграрлық несие корпорациясы шаруаларға 550 млрд теңгеден аса сома бөлді

Аграрлық несие корпорациясы шаруаларға 550 млрд теңгеден аса сома бөлді janalyq.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 27 тамыз, 2024

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген лизинг бар

Аграрлық несие корпорациясы Қазақстан фермерлерін 550 млрд теңгеден астам сомамен қаржыландырды. Бұл сомаға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның 400 млрд теңгесі мен оның еншілес ұйымы – «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның 151,7 млрд теңгесі кіреді.

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Аграрлық несие корпорациясы агроөнеркәсіп кешенді қаржыландыру бойынша 400 миллиардтық межеден өтті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, нақты қаржыландыру көлемі 164 млрд теңгеден асып отыр.

Аталған соманың 320 млрд теңгеден астамы «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға, ал 80 млрд теңгесі «Агробизнес» бағдарламасына бөлінді. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп.

Корпорация қаржыландыру арналарын ұлғайта отырып, фермерлер үшін барынша қолайлы жағдайлар жасады. Соның нәтижесінде несиені корпорация филиалдарынан несиелік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) және микроқаржы ұйымдары арқылы алуға болады.

Былтыр Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржының қаржыландыру көлемі 554,7 млрд теңгені қамтып, абсолютті тарихи жоғары көрсеткішке жетті. Биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады. Біз жыл соңына дейін жалпы сома 700 млрд теңгеден асады деп жоспарлап отырмыз. Көңіл қуантатыны, еліміздегі әрбір үшінші ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші – біздің клиентіміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы қарыз алушылар саны 85 мыңнан асты. Біз клиенттермен дұрыс жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлеміз. Олардың несие алуларына және ауыл шаруашылығын дамытуларына қолдау көрсету үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға тырысамыз, – деп атап өтті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Еске сала кетсек, биыл көктемде егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін Аграрлық несие корпорациясының жаңа «Кең дала 2» бағдарламасы іске қосылған болатын.

Бұл қаржы ресурстары жеке капитал нарығынан тартылады. Бұл ретте қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі жеңілдетілген 5% мөлшерінде бекітілді. Биыл кепіл мүлкі жетпейтін фермерлер үшін алғаш рет «Даму» Қоры қарыз сомасының 85%-ын кепілдендіретін болды. Өтінім тек Аграрлық несие корпорациясына беріледі. Одан әрі Корпорация кепілдік алу үшін Қорға өтінімді өзі жібереді, – деп түсіндірді басқарма төрағасы.

Қазір 2,2 мыңнан аса фермерді қамтыған «Агробизнес» әмбебап бағдарламасы белсенді түрде іске асырылып жатыр. Биыл мал, өсімдік шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларына шамамен 80 млрд теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, 16 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Олардың қатарында суару жүйелері, өңдеу, көкөніс және жеміс сақтау қоймалары, тауарлы сүт фермалары, құс фабрикалары, жылыжайлар мен бақтар бар.

ҚазАгроҚаржы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген лизингті іске қосты. Бағдарлама отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырады. Қазір ҚазАгроҚаржы осы бағдарлама бойынша 67,4 млрд теңгеге 1,6 мыңнан аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырды. Бұл 2,6 мыңнан аса техника сатып алуға мүмкіндік берді.