Президент тапсырмасы: Антикор бюджет қаржысын бояп жатыр
Осы орайда жемқорлыққа неғұрлым бейім салалар да аталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық теңгенің көмегімен бюджет қаражатын игеру үдерісінде «ақшаны бояу» пилоттық жобасын масштабтау жөніндегі тапсырмасын іске асыруға кірісті.
Кеңесті ведомство басшысы Асхат Жұмағали Қаржы министрі Мәди Такиевтің, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму вице-министрлерінің, сондай-ақ өңір әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен мемлекеттік кәсіпорын басшыларының қатысуымен өткізді.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау жөніндегі жобаларды масштабтауды биыл 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырған болатын. Осы бағытта бюджет қаражатын игеру үдерістерінде «ақшаны бояу» тетігін енгізу президенттің Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына негізделді. Бұл тетік Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің Қазынашылығымен өзара іс-қимыл жасай отырып енгізетін «цифрлық теңге» платформасы негізінде іске асырылатын болады.
Әрине, цифрлық теңге – жымқыруға жол бермеудің маңызды, прогрессивті құралы. Оны енгізу бюджет қаражатын тиімді, мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді агенттік төрағасы Асхат Жұмағали.
«Ақшаны бояу» пилоттық жобасын қолға алу үшін жемқорлыққа неғұрлым бейім салалардың бірі ретінде жол салу, ӘКК-нің бөлінген қаражатын пайдалану және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды субсидиялау айқындалды. Пилоттық сынақтан өткізу ісі республикалық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелері, облыстық ӘКК-нің бірі және «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлетін инвестициялық субсидиялар бойынша басталады.
Кеңеске қатысушылар жобаның егжей-тегжей мәселесін, платформа жұмысының техникалық аспектілерін және «боялған ақшаны» қадағалау мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ әр кезеңнің нақты орындаушылары мен мерзімдерін анықтады.
Іс-шара қорытындысы бойынша барлық мүдделі тараптар Жол картасын бекітті.