Қазақстан мен Қырғызстан бизнесінің өзекті мәселелері қаралды
Көлік қызметтері нарығына қатысушылармен тікелей диалог және байланыс орнату өте маңызды
Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері көтерген өзекті мәселелерді қарастырды. Бұл мәселелер көлік және логистика саласына, ЕАЭО-да тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге қатысты болды.
Алматыда өткен кездесуде ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев қазіргі жағдайда қауіпсіз және заманауи инфрақұрылымды құра отырып, одақ мемлекеттерінің компаниялары үшін ішкі нарықтарда жүктердің өтуіне қандай да бір кедергілерді қолданудан аулақ болу және көлік-логистикалық қызметтер нарығында бәсекелестік ортаны қолдау өте маңызды екенін айтты.
Көлік қызметтері нарығына қатысушылармен тікелей диалог және байланыс орнату өте маңызды. Біз үшін бұл – жекелеген жағдайлардың проблемаларын жақсы түсініп, кедергілерді анықтау және оларды жою үшін интеграциялық жұмыстың тиімділігін арттыру мүмкіндігі, - деп атап өтті Арзыбек Қожошев.
Осы мақсаттарға жету үшін бизнес интеграциялық үдерістерге белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ ЕЭК экономика және қаржы саясаты блогының басшылығы бизнес-қоғамдастықпен мына мәселелерді талқылады:
- одақ елдеріне әкелінетін автокөлік құралдарынан кәдеге жарату алымын арттыру;
- экспортталатын жүк көліктеріне электронды паспорттарды ресімдеу;
- заңсыз темекі өнімдерінің транзиті;
- темекі және құрамында никотині бар өнімдерге акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімге өзгерістер;
- цемент әкелуге шектеулер енгізу.
Бұдан басқа, тараптар интеграцияның салалық даму ерекшеліктерін, ЕАЭО-ның басқа елдері тасымалдаушыларының Ресей-Беларусь мемлекеттік шекарасын кесіп өту мәселелерін, ЕАЭО мемлекеттері арасында үшінші елдердің жүктерін тасымалдауды, теміржол тасымалдарына тарифтерді белгілеуді және тағы басқаларды талқылады.