ӘМСҚ медициналық ұйымдарға 200 млрд теңге қарыз
Басқарма төрағасы неге мұндай мәселе туындағанын түсіндірді
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов өздерінің медициналық ұйымдарға 200 млрд теңге қарыз екендерін мәлім етті.
Алдымен ол аталған қаржының міндетті түрде медициналық ұйымдарға аударылатынын атап өтті.
Шамамен 200 млрд теңге қарызымыз бар. Бұл қаржы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша республикалық бюджеттен медициналық ұйымдарға аударылуға тиіс. Ақшаны медициналық ұйымдарға төлеуге міндеттіміз, – деді Әбілқайыр Сқақов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда басқарма төрағасы неге мұндай мәселе туындағанын түсіндірді.
Мойындаймыз, жыл басында бізде қаржыны аударатын ақпараттық жүйе болмады. Қазір оны іске қосып, жаппай ақшаны аударып жатырмыз. Алайда екінші мәселе туындады. Ол – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша қаржының жетіспеушілігі. Сондықтан біз осы аптаның соңына дейін мамыр айын қоса алғандағы міндетімізді орындаймыз. Республикалық бюджеттен қаржы түскенде қыркүйекте, яғни 1,5-2 айда медициналық ұйымдардың алдындағы қарызды біртіндеп жабамыз, - деді қор басшысы.