Көпшілік жарты жыл комада жатқан сарбазға 140 млн теңге жинап берді
Санитарлық авиация 25 млн теңгеден 60 млн теңгеге дейін тұрады
Қазақстандықтар әскерге кетіп, 6 ай бойы комада жатқан сарбазға 140 миллион теңге жинап берді.
Еске сала кетсек, Алматы облысында Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар әскерде жарақат алып, 6 айдан бері комада жатқан болатын. Жуырда ол ата-анасының талабымен үйіне шығарылды. Сол кезде сарбаздың туыстары жеке дәрігерлердің ақысын төлей алмай, қазақстандықтардан көмек сұраған еді.
Блогер Лола Израилова сарбаздың отбасының ресми өкілі ретінде Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы хабар таратып жатыр.
Ербаянның отбасы бүкіл Қазақстан халқына және емделуге қаражат жинауға көмектескен басқа елдердің азаматтарына шексіз алғысын білдіреді. Ата-анасы көз жасына ерік берді, мұндай керемет қолдау бүкіл ұжымды таңқалдырды. Сөзіміз жоқ. Мемлекет талай айдың ішінде жасай алмаған істі санаулы күнде жасадыңыздар. Мен Қазақстанда тұратынымды мақтан тұтамын! - деп жазды блогер.
Сондай-ақ ол Ербаянның отбасы ақша жинауды жалғастыруы керек пе, жоқ па деген мәселені ойланып жатқанын айтты.
Өйткені бізді санитарлық авиацияның 25 миллион теңгеден 60 миллион теңгеге дейін тұратыны қорқытады. Емдеудің қанша айға созылатыны, емхананың қанша төлейтіні белгісіз. Адамдар медицинасы дамыған елдерге ұшуға кеңес береді. Ал бұл тиісінше біз ойлағаннан әлдеқайда қымбатқа түседі, – дейді блогер.
Қаржы жинау 1 маусымда басталған. Ол кезде Түркияда емделу үшін 30 миллион теңге қажет екені айтылған. Бірақ алдымен жас жігітке оңалту шаралары қажет.