Бағасы 18,5 мың теңгеден асатын гүлді сыйға алған мұғалім жазаға тартылады
Ол Қылмыстық кодекстің 247-бабына («Заңсыз сыйақы алу») жатады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, қылмыстық кодексте мұғалімдерге қатысты қолданылатын «Заңсыз сыйақы алу» бабы бар. Енді қымбат гүл алған педагогтер осы бап бойынша істі болады.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, мұғалімдерге «Пара алу» бабы аясында қылмыстық жаза қарастырылмаған. Өйткені олар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оларға теңестірілген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар қатарына кірмейді. Алайда мұғалім бағасы 18 460 теңгеден асатын гүлді немесе сыйлықты алып, сыйды ұсынған адамға көмектессе, Қылмыстық кодекстің 247-бабы («Заңсыз сыйақы алу») бойынша жазаланады.
Егер өзінің қызметтік өкілеттігіне байланысты гүл сыйлаушыға жеңілдік жасамаса, 1 қыркүйекте оқушылардың, ұжымның, үшінші тұлғалардың мұғалімдерге сыйлықтар, оның ішінде гүл шоқтарын сыйға тартуына тыйым салынбайды.