Экономист шағын және орта бизнестің неге дамымай жатқанын айтты (ВИДЕО)
Бізде бизнесті реттейтін, бақылайтын органдар өте көп
Экономист Сапарбай Жобаев «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстанда шағын және орта бизнестің үлесі неге артпай отырғанын түсіндірдіi.
Бүгінде бәрі тексеруші. Мысалы, Антикор, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржылық комиссия, Жоғары аудиторлық палата және салықшы бар. Мысалы, өнеркәсіпте жұмыс істейтін болсаңыз, сізді жоқ қылдырғысы келсе, оны істей алады. Қазір кіммен қалай сөйлесу керектігін білмейсің. Қазіргі жағдай осындай. Елімізде неге шағын және орта бизнес өспей жатыр деп сұрайды. Бұл салаға осынша қаржы бөлініп, дамып жатыр дейміз. Алайда олардың үлесі 30-35%-дан аспайды. Демократриялық мемлекеттерде бұл көрсеткіш – 70-80%. Себебі елімізде бизнесті реттейтін, бақылайтын органдар өте көп, - дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол бизнесті тексеретін мекемелерді азайту керек деген пікірде. Бұл өз нәтижесін беруі мүмкін.
Бұрын Индонезияда осыған ұқсас жағдай болған. 60-жылдары елді Сукарно деген президент басқарды. Ол елдегі жемқорлықты тоқтатайық деп тексеруші органдарды, министрліктерді аша берді. Кейін министрліктерді қысқартатын министрлік ашуға мәжбүр болды. Бұл мәселенің шешімі қандай? Мысалы, жерді сол жерде тұратын халыққа, яғни диқанға ашық түрде беруіміз керек. Жерді 10, 100 диқанға берсек, оның 40-ы жұмыс істесе, соның өзі біз үшін жеңіс саналады. Қалған 50-60-ы жұмыс істей алмаса, жерін еңбек етіп жүрген адамға сатады, - деді Сапарбай Жобаев.