Қазір 700 мыңға жуық кәсіпкер бизнесін Kaspi.kz арқылы дамытып отыр
Президент шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету жолындағы Kaspi.kz акционерлеріне қолдау білдірді
Kaspi.kz компаниясы шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жаңа сервис құруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысына ұсынылған ақпаратқа сәйкес, бүгінде елімізде 700 мыңға жуық кәсіпкер өз бизнесін Kaspi.kz технологияларының көмегімен дамытып келеді. Биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде тауарлар мен қызметтер үшін 12 триллион теңге көлемінде қолма-қол ақшасыз төлем жасалып, 150 мың жеке кәсіпкер тіркелген.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген онлайн-сервистердің көмегімен қазақстандықтар салықтарды мерзімінде төлеу мүмкіндігіне ие болды. Биылғы 6 айда аталған қызметтер арқылы бюджетке 1,1 триллион теңгеден аса салық пен басқа да төлемдер түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетудің маңызды екенін атап өтіп, Kaspi.kz акционерлеріне қолдау білдірді.