«Дәретхана тазалап беруден ұялмаймын». Жас кәсіпкер айына 20 млн теңге табады (ВИДЕО)
800 теңге үшін мейрамхананың ыдысын жуып, еденіне дейін тазалап кеткен кездерім болды, - дейді
Үй тазалап жүріп, үлкен компанияның директоры болған кәсіпкер, блогер Нұрхан Нұрмаханбет не үшін көп табысқа жеткісі келетінін жасырмады.
21 жасында кәсіп ашып, айына 20 миллион теңге тауып отырған жас кәсіпкердің мақсаты – жақындарына көмектесу.
Жасыл алжапқышты тағып алып, біреудің дәретханасын тазалап, үйін жинап беруден ұялмаймын. Адал кәсіппен, маңдай теріммен еңбегімнің ақысын алып отырмын. Әлеуметтік желіде де белсендімін. Жұмысымды көрсету үшін ол жаққа да шығып тұруға тура келеді. Менің табысты болуымның мақсаты – жақындарыма көмектесу. Атам мен әжем – мүгедектігі бар жандар. Тіпті келінімнің де денсаулығы жоқ, ол да мүгедектігі бар тұлға. Соларға көмектесу үшін де көп табыс тапқым келеді. Інілерім мен бауырларымды да жоқшылықта өсіргім келмейді. 800 теңге үшін мейрамхананың ыдысын жуып, еденіне дейін тазалап кеткен кездерім болды, – деп толқыды кәсіпкер жігіт.
Ал қазір оның өзі 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тек үй тазалауға ғана шықпаймыз. Бизнес орталықтарынан да, ауруханалардан да ұсыныс түседі. Үлкен ғимараттарды да тазалауды қолға алып жатырмыз. Қазір командамда 130-ға жуық қыз істейді. Одан бөлек, 40 ер бала бар. Олар химиялық тазалау жүргізеді. Сонда 200-ге жуық адамға жұмыс беріп отырмын. Астанадан бізге көп ұсыныс түседі. Сондықтан осы жақтан ашылып жатырмыз. Құрылыс компаниялары да көп, өнер жұлдыздарының жартысы да осы жерде ғой. Қазір штат көбейді, табысымыз артты. Орта есеппен алғанда, айына 20 миллион теңге табыс табамын, – дейді Нұрхан Нұрмаханбет.