Ұлттық банк алаяқтар ақша шеше алмайтын жаңа жүйені іске қосты

Ұлттық банк алаяқтар ақша шеше алмайтын жаңа жүйені іске қосты bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 19 тамыз, 2024

Ол күмәнді операциялар жасамақ болған тұтынушы мен оқиға туралы деректерді қосып қояды

Елімізде алаяқтық белгілері бар ақша аударымдары бұғатталатын болады. Мұндай мүмкіндікті жаңадан іске қосылған Антифрод орталығы береді. Бұл платформаны Ұлттық банк былтырдан бері сынақтан өткізіп, биыл шілде айында толық қуатында ісе қосты деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.

Жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін және қандай артықшылықтары барын Ұлттық банк өкілдері айтып берді.

Антифрод орталығы не үшін құрылды?

Антифрод орталығы Ұлттық Банктің «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ платформасында құрылды және тәулік бойы жұмыс істейді. Басты ерекшелігі, нақты уақыт режимінде қаржы ұйымдарына алаяқтық белгісі бар транзакциялар туралы деректерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алаяқтардың әрекетін бұғаттап, оған қарсы жедел әрекет етуде құзырлылар өзара ақпарат алмаса алады.

Антифрод орталығы арқылы кімдер ақпарат алмасады?

Антифрод орталығының қатысушылары:

  • Қаржы ұйымдары: екінші деңгейдегі банктер, төлем жасау ұйымдары;
  • Құқық қорғау органдары;
  • Ұялы байланыс операторлары.

Антифрод орталығы қалай жұмыс істейді?

Егер банк өзінің ішкі талаптарына қайшы келетін немесе тұтынушылардың өтініші бойынша болжамды алаяқтық операцияны анықтаса, алдымен оны тоқтады. Кейін Антифрод орталығына осы транзакция туралы ақпаратты береді. Жолданған мәліметтер алаяқтық әрекеттер жасау туралы деректер базасына енгізіледі. Бұдан әрі ақпараттың алаяқтыққа қатысының бар-жоғын құқық қорғау органдары анықтайды. Құқық қорғау органдары транзакцияны 3 жұмыс күні ішінде саралайды. Шешім содан кейін қабылданады. Алаяқтық фактісі расталмаған жағдайда клиент ақша аударымдарын жалғастыра алады. Егер алаяқтық әрекет байқалса, құқық қорғау органдары іс қозғап, Антифрод орталығы мәліметтер базасына күмәнді операциялар жасауға тырысқан тұтынушы мен оқиға туралы деректерді қосып қояды. 

Бір сөзбен айтқанда, орталықта алаяқтардың жасырын әрекеті мен оларды іске асыру тәсілдері туралы деректер жинақталады. Демек Антифрод орталығы – қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыс платформасы.

Банктегі барлық аударымдар тексеріліп жатыр ма?

Антифрод орталығы тұтынушылардың барлық әрекетін бақыламайды. Тек орталыққа екінші деңгейлі банктерден алаяқтық белгісі бар операциялар туралы ақпарат келіп түскенде әрекет етеді.