Елімізде енді мыңдаған отбасының кіріс-шығысы тексеріледі

Елімізде енді мыңдаған отбасының кіріс-шығысы тексеріледі bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 16 тамыз, 2024

Ол шынымен мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетудің жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұған дейін мемлекет басшысы азаматтардың шығыстарын ескере отырып, АӘК беру тәсілдерін қайта қарау міндетін алға қойған болатын. Осыған байланысты, цифрлы отбасы картасын пайдалану және мемлекеттік, үкіметтік емес ұйымдар жүйелерімен интеграциялау сияқты АӘК трансформациясы қажет.

Министрлікке қарасты әлеуметтік көмек басқармасының басшысы Айнұр Әбдірахманованың айтуынша, қазір мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, АӘК тағайындауға өтініш білдірген қазақстандықтардың негізгі шығындарын (жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алу, оқуға және қосымша білім алуға ақы төлеу, демалыс пен ойын-сауыққа, денсаулықты жақсартуға, жиһаз, тұрмыстық техника сатып алуға, несиені өтеуге және т.б.) есепке алу және тексеру тетігі әзірленіп жатыр.

Ұсынылған алгоритмде АӘК тағайындауға өтініш білдірген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алу үшін SMS хабарламалар жіберу қарастырылған ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы автоматты түрде іске асады, – деді басқарма басшысы.

АӘК тағайындау механизміндегі алдағы өзгерістер шынымен мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Министрліктің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша 70,2 мың отбасынан 372 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 60,5 млрд теңге бөлінді.