Қытайлар қазақ әйелдерінің жатырын 2 млн теңгеге жалдамақ
Қазақ әйелдерінің «жатырын жалдау ақысы» заңмен 7 млн теңге деп шектелген
Қазақ әйелдері жатырын қытайға жалға бере бастапты! Әзірге білетініміз – бір-екі оқиға, деп жазды журналист Тоқтар Жақаш Facebook-тегі парақшасына.
Айтуынша, оған биыл көктемде Қытайдан оралған бір қазақ телефон соғып, осы оқиғаның шет жағасын шығарған.
Одан соң кездесетін болып келістік. Бірақ шұғыл шаруалармен жолығудың сәті түспеді. Сол жігіт бүгін тағы телефон соқты. Жалға жатыр іздеп келген қытайлармен жолығыпты. Бұл мәселе бойынша жан-жақты зерттеу жасалуға тиіс. Бұрын қытайлар ресейлік әйелдердің жатырын жалға алып, ерлі-зайыпты қытайдың эмбрионын салып өсірген екен. Соңғы жылдары о жақта суррогаттық ана туралы заңға өзгеріс енгізіп, қытайдың жолын кесіп тастапты. Содан қытайлар қазақ әйелдеріне көз сала бастаған. Былтыр бірінші рет қазақ әйеліне бала тудырып әкетіпті, - дейді әріптесіміз.
Сондай-ақ ол Ресейде суррогат аналар қызметіне кемінде 100 мың доллар алса, қазақ әйелдерінің ондай «жатырын жалдау ақысы» заңмен 7 миллион теңге деп шектелгенін алға тартты. Еліміздегі заң бойынша, жатырын жалға беретін әйел бұрын 1-2 бала тапқан, ажырасқан немесе заңды күйеуі бар болуы керек.
Маған хабарласқан жігіт былтыр қытайға бала туып берген әйелмен кездесіпті. Әп-әдемі күйеуі (ол да қазақ) мен 3-4 жасар ұлы бар әдемі келіншек екен. Енді ол келіншек өз атынан компания құрып, қазақ әйелдерінің жатырын қытайға жалға беруге кіріспек көрінеді. Күйеуі бар әйел өз еркімен сөйтті дей алмаймыз. Барлығы жетіспеушіліктен, жоқтықтан ғой, - деді одан әрі Тоқтар Жақаш.
Осы орайда ол тағы бір қызық деректің ұшын шығарды. Мысалы, қазір Қытайда әйелден ерлер артық көрінеді. 100 миллионына әйел жетіспейді-міс.
Сол еркектер әйел ұрығын да сатып алып, балалы болғысы келеді. Мына Қазақстандағы қытайлар ұрық сататын әйелді де іздеуге кіріскен. Оған 2 млн теңге төлемек. Қысқасы, қытайлар жатырын жалға беретін әйел іздеп, Қырғызстан мен Өзбекстанды да шарлап шығыпты. Әзірге тиімді әрі оңайы Қазақстан боп тұр дейді. Депутаттарымыз қазірден бастап ұлттық генофондқа үлкен қауіп төндіріп тұрған осы мәселеге шұқшия көңіл аударуға тиіс! Қазақ әйелі асыл тәнін, жатырын қытайдың ұрығымен былғамаса дейміз, - деп түйіндеді сөзін жазба авторы.
Ең бастысы, ол үшін билік халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге тырысуы керек деген орынды пікірді қоса кетуді де ұмытпаған. Иә, жағдайын жатыр сатумен жақсартуға бел буған әйел қаптаса, ұлт келешегінің де күмәнді бола түсері сөзсіз.