Депутат ауыл жастарының қалада мардымсыз жалақы алып жүргеніне алаңдаулы
Бұл оларды қарызға итермелеп, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев NEET жастарының мәселесін көтеріп, оларға тегін білім беру маңызды екенін айтты.
Еліміз бойынша NEET cанатындағы, яғни жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың үлесі – 7,1%. Бұл – 379 мыңнан аса адам. Ауыл жастарының осы санатта айтарлықтай үлесі бар екенін түсінеміз. Жастар табыс іздеп, 3 үлкен ірі «магнит» қалаға – Астана, Алматы және Шымкентке ұмтылады. Мысалы, жыл сайын елордаға 30 мыңнан аса адам көшіп келеді. Көші-қон ағынының негізгі үлесі еңбек тәжірибесі мен практикалық дағдылары жоқ ауыл жастарына тиесілі. Әдетте олар қалада уақытша және жалақысы төмен жұмыстар істеп, құрылыс алаңдары мен базарларда нәпақа іздеп жүр. Бұл ауыл жастарын қарызға итермелеп, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі мүмкін, - деді депутат.
Осы орайда ол президент тарапынан 2029 жылға қарай NEET санатындағы жастардың үлесін 3%, яғни 2 есе төмендетуге тапсырма берілгенін де еске салды.
Қазір Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жетекшілігімен пилоттық режимде бағыт-бағдары жоқ ауыл жастары үшін «Жол тап» жобасы іске асып жатыр. Елордада сұранысқа ие электр газбен дәнекерлеуші, тігінші, видеомонтаждау, графикалық дизайн сияқты 13 цифрлық дағдылар мен жұмысшы мамандықтары бойынша тегін қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылған. Әрі қарай жұмысқа орналастыруға жәрдем беріледі. Жоба оң нәтиже беріп үлгерді. 7 айда 7 мыңға жуық адам жоба мүмкіндігін пайдаланды. 1 200-ден аса адам оқытудан өтіп, 1 100 адам жұмысқа орналастырылды. Жобаның айрықша ерекшелігі – халықпен белсенді жұмыс істеу, - деді Жигули Дайрабаев.
Оның пікірінше, «Жол тап» жобасының алгоритмі өз тиімділігін көрсетіп отыр.
Осыған байланысты біз, «Ауыл» партиясы бұл тәсілге қолдау көрсетіп, оның ауқымын еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту қажет деп санаймыз. Өйткені бұл жоба мемлекет басшысының NEET жастарының үлесін азайту жөніндегі тапсырмасын іске асыруда тиімді құрал бола алады. 2023 жылы Үкімет отырысында аймақтағы әкімдіктерге «Жол тап» пилоттық жобасы мысалын қолдануға тапсырма берілген еді. Өкінішке қарай, жарты жыл уақыт өтсе де өңірлерде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте аталған бағдарлама тәсілдері қолға алынбай отыр, - деді депутат.
Сондықтан ол премьер-министр Олжас Бектеновтен қалаларға келген ауыл жастарын жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін қабылданған Үкімет шешіміне тағы да қосымша серпін беруді сұрады.
Ал биыл наурыз-сәуір аралығында 20-ға жуық өңірде Zhas Project жобасына қатысуға өтінім қабылданғанған еді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жобаға 18-34 жас аралығындағы NEET санатындағы (уақытша жұмыспен қамтылмаған) жастар қатысқан.
Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау ала алады, - делінген баспасөз хабарламасында.
Жоба жеңімпаздарының әрқайсысына әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар бөлінеді. Осылайша, мемлекет болашақта 280 жобаны іске асырмақ.
Жоба, бағдарламалардың болғаны дұрыс-ақ, бірақ бұл ретте Мәжіліс депутаты қаладағы ауыр жұмыс астындағы жастардың жалақысы мардымсыз деп отыр. Шағын грантпен жұрттың бәрінің жеке бизнес бастап кетуі мүмкін болса, Дайрабаев айтқан құрылыс алаңдары мен базарлар қаңырап бос қалар еді ғой? Демек, Үкімет өкілдеріне цемент езгізіп, тәшкі итертіп көрмесе, мәселеге онша мән бере алмайтынға ұқсайды.