Қызылорда облысында алименттен жалтарған 154 борышкер құмар ойынға 250 млн теңге салған
Біреуі 1 млн теңге қарыз бола тұра, өзінің шотын 156 млн теңгеден аса сомаға толықтырған
Қызылорда облысында алимент төлеу жөніндегі міндеттемесін елемей, құмар ойындарға 250 млн теңге ақша салған 154 борышкер анықталды.
Жалпы, қазір өңірде алимент берешегі 380 млн теңгеге дейін төмендеген. Осылайша, еліміздегі берешегі ең аз аймақтың алдыңғы қатарына енгізілді.
Облыс прокуратурасы құмар ойындарға 250 млн теңгеден аса қаражат жұмсаған 154 борышкерді анықтады. Олар алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін елемей, немқұрайлылық танытқан. Букмекерлік кеңселерде құмар ойындар ойнаған. Мәселен, алимент бойынша 1 миллион теңге қарызы қалыптасқан тұрғын өзінің шотын 156 миллион теңгеден астам сомаға толықтырған. Прокуратура бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген 18 борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, оның 12-сі жауапкершілікке тартылды. Ал 9 борышкер сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасына сотталса, 3 іс бойынша тергеу жалғасып жатыр», - деп мәлімдеді облыстық прокуратура.
Ведомство мәліметінше, Қызылорда облысының прокуратурасы биылғы 6 айда алимент өндіру бағытында әділет департаментіне және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына 12 заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізген. Нәтижесінде 155 жалғызбасты ананың пайдасына 91 млн теңге алимент берешегі өндірілді.