Антикор шенеуніктерге жемқорлықтың салдарын абақтыға апарып көрсетпек

Антикор шенеуніктерге жемқорлықтың салдарын абақтыға апарып көрсетпек taq.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 маусым, 2024

Сот отырысына да айыпталушының еңбек ұжымы түгел қатысатын болды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік қызметкерлерді уақытша ұстау изоляторларына апарып, экскурсия жүргізбек. Бұл әдіс сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу мақсатында қолға алынып отыр.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді. Оның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Тергеу изоляторларына осындай экскурсиялар оларды түрмеге түсу ауыртпалығын сезіндіруге, сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыстық құқықбұзушылықтардың салдарымен таныстыруға мүмкіндік береді, – деді Арман Тілеукенов.

Сонымен қатар, сот отырыстарында профилактикалық жұмыс тәжірибесіне еңбек ұжымдары да қатысады.

Бұл ретте ресми өкіл мысалға биыл Ақтөбеде мемлекет қазынасынан 413 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған №55 мектеп-гимназиясының есепшісіне қатысты сот болғанын келтірді. Сот ашық режимде өткен. Оны облыстағы 403 мектептің барлық қызметкері (директорлар, есепшілер, мұғалімдер) онлайн режимде көріп отырған.

Бір қызығы, Арман Тілеукенов бұл әдістердің мемлекеттік қызметкерлерді қорқытып-үркітуді көздемейтінін алға тартып отыр. Тек біреудің қателігінен сабақ алуға үндейтін көрінеді.