Әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізушілерге несие беру талаптары өзгерді
Енді бизнес өкілдері негізгі 6 шартты орындауы керек
Жоғарғы аудит палатасының тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі негізгі азық-түлік тауарларының бағасын бақылау жүйесіне маңызды өзгерістер енгізді, деп хабарлады Қаржы министрлігі мемлекеттік аудитінің Telegram-арнасы.
Мысалы, Маңғыстау облысында бюджет қаражатының пайдаланылуы тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында өңірде азық-түлікке деген қажеттіліктің негізінен елдің басқа облыстарынан және көрші елдерден жеткізуді ұлғайту есебінен өтелгені анықталды. Бұл нарықтық бағаның өсуіне әкеп соқты.
Сонымен қатар, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік коропорация кәсіпкерлік субъектілеріне 0,1%-бен несие беру арқылы бағаны тұрақтандыруға тырысқан. Алайда қарыз алушыларды іріктеудің нақты өлшемшарттары айқындалмаған. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болу мүмкіндігін көрсетеді. Бұдан басқа, қарыз алушылар тарапынан азық-түлік тауарларының белгіленген бағамен сату міндеттемелері сақталмаған. Берілген осы несиеге сатып алынған кейбір өнімдер 51%-ға дейін жоғары бағамен сатылған.
Осыған байланысты Жоғары аудит палатасы несие берудің осы түрінде бизнеске қойылатын бірыңғай талаптарды айқындау, сондай-ақ бірқатар нақты пәрменді міндеттемені белгілеуге тапсырма берді.
2024 жылдың 15 шілдесінде әлеуметтік өнімдерді сатып алуға жеңілдетілген несие алудың жаңа ережелері күшіне енді.
Енді бизнес өкілдері мына шарттарды орындауы керек:
- заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
- заңнамаға сәйкес, төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, салықтар, бюджетке төленетін басқа да төлемдер және БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары бойынша берешегінің болмауы;
- банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін іске асыратын ұйымдардың берген несиелері (қарыздары) бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы;
- азық-түлік тауарларын сақтауға, сатып алу, дайындық және тарату операцияларын орындауға арналған арнайы жабдықтары бар қоймалар мен үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешенді заңды негізде (меншік құқығы, жалдау, сенімгерлік басқару және т.б.) иеленуі;
- мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
- мамандандырылған ұйым алдында немесе атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ мүлікке шектеулердің болмауы.
Сонымен қатар несие беру шарттарында бизнес үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату, оларды белгіленген бағамен толық көлемде сату кестесін қалыптастыру, сондай-ақ сату фактісін растайтын құжаттарды ұсыну сияқты міндеттемелер көзделеді.