Қонаев қаласының әкімі «жабайы сауда» жасап тұрғандармен кездесті
Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды, - деді ол
Қонаев қаласында заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі қолданылады. Бұл туралы шаһардың белгіленбеген орындарында сауда жасайтындармен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.
Абай көшесінің бойында заңсыз сауда жасайтындар әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады. Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.
Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін сауда жасау үшін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет, - деді Асхат Бердіханов.
Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.
Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды, - деді шаһар басшысы.
Әкім түйткілді шешу үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын да жеткізді.
Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдына дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмыз. Бірақ бизнес орындары қойылғанда сіздердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, жұмыс істеулеріңіз қажет, - деді әкім.
Кейін ол базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды.