Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша 1-орынға шықты

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша 1-орынға шықты bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 30 шілде, 2024

Биыл 3,5 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналуға тиіс

Түркістан облысы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін ұлғайту бойынша ауқымды жұмыс істеп жатыр. Биыл оның өсімі 107,1 пайыз болып (216,9 млрд теңге), республикада 1-орынға шықты, деп хабарлады облыс әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасы.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте салаға жауаптыларға бірқатар тапсырма берілді. Өңір басшысы шаруаларға тиісті тыңайтқыштарды уақтылы үлестіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, салаға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу және басқа да жаңа технологияларды енгізу маңызды. Әрбір аудан әкіміне су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша индикатор белгіленіп, нақты жоспар берілсін. Бөлінген тыңайтқыштар туралы да шаруаларға ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Бұл қолдауды тиімді пайдалану керек. Көрсеткіші төмен аудандардағы жауапты басшыларға тиісті қызметтік шара қарастырылады. Ізденіңіздер, ауыл шаруашылығына инвестиция тартыңыздар. Бұлай жасамасақ, өңірдің әлеуеті көтерілмейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту жұмысын да жандандыру қажет, - деген Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығында көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, 2024 жылы 156,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланды. Бүгінде 97,9 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған. Тауар өндірушілерді қолдауға облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Жартыжылдыққа 13 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8,1 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орналастырылған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 3,4 мың гектарға ұлғайып, 873,6 мың гектарға егілді.

Рентабельді дақылдарға өтуге басымдық берілген. Атап айтқанда, масақты дақылдар 8 мың гектарға (281 мың га), мал азықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың га), көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың га) артығымен орналастырылса, мақта дақылының егіс алқабы 11 мың гектарға (100 мың га), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың га) қысқартылған. Сондай-ақ облыстың бірнеше ауданына қант қызылшасы егіледі.

Облыстың ерекшелігіне орай, астықты ору науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде 282 мың гектардың 220 мың гектары орылып, 25,2 центнерден 554,0 мың тонна өнім жиналған. Жалпы 716 мың тонна дән жинау күтіліп отыр. Биыл 3,5 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп жоспарланған.

Сондай-ақ облыста «Мақта өсіру және толық өндірістік тізбекті кластер құру» жобасының І кезеңі іске асып жатыр. Тамшылатып суару тәсілімен 1 200 гектарға элиталы мақта сұрыптары егілген. 1 гектардан 60 центнер, жалпы алқаптан 7 мың тоннадан аса өнім алынады деген болжам бар. Тұрақты 40 жұмыс орны ашылған. Болашақта жобаның ІІ кезеңін іске асыру және зауыттар ашу арқылы өңірде мақтадан 9 өнім түрін өндіру көзделіп отыр.