Астаналық жас кәсіпкер алғашқы миллион теңгесін 14 жасында тапқан
Оның ісіне салынған алғашқы инвестиция анасы берген 6 900 теңге болды
Астанада тұратын Ақдидар Асылбекова алғашқы 1 млн теңгесін 14 жасында тапқан. Құрдастары алаңсыз қыдырып, достарымен көңілді уақыт өткізгенде ол тәтті пісіріп, пештің жанында отырған. Анасы берген 6 900 теңгені бір жыл ішінде миллион теңгеге айналдыра білген қызбен KAZ.NUR.KZ тілшісі сұқбаттасты.
Ақдидар Асылбекованың айтуынша, бұл жетістікке табандылығы мен отбасының балалық арманды қолдағанының арқасында жеткен. Сыныптастарына тәтті сатудан басталған бизнес бүгінде Ақдидардың шетелге саяхаттап, қаржылай еркін өмір сүруіне мүмкіндік берді.
Балалық арман мен алғашқы қадамдар
Қою көк түсті мектеп формасын киіп, ақ бантик таққан 13 жастағы Ақдидар мектепке тек сабақ оқу үшін бармаған. Кішкентайынан бизнеске үйір болған ол сыныптастарына түрлі тәттілерді сатып жүрді. Өз саудасының мектеп қабырғасымен шектелгенін қаламаған оқушы қыз бірде шоколадтарды әлеуметтік желі арқылы сатпақ болып шешеді. Алайда бұл іс Ақдидарға жақсы табыс әкелмепті. Ол мұны тек өзіне қызық болғандықтан балалық құштарлықпен жасай бергенін айтады.
2020 жылдың көктемінде оның өмірін өзгертетін бір жайт болған. Ақдидардың әпкесі оқуға зейін қоюды қалап, жоғарғы оқу орнына дайындықты бастаған. Ал оның моти, жапон тәттілерін сататын кішігірім кәсібі бар еді. Оны аяқсыз қалдырғысы келмеген ол істі сіңлісіне қалдырады. Ұсынысқа қуана-қуана келіскен жасөспірім әпкесінен тәттілерді дайындап, оны сатуға дейін үйреніп алған. Алайда бұл кезде дүкеннің саудасы қызып тұрмаған еді. Желідегі аккаунтында нәбәрі жүзге жуық жазылушы болған, ал тапсырыстар жоқтың қасы дейді. Әпкесінің ісін жалғастырды деген аты болмаса, Ақдидар осы бизнесті өз қолына енді басталған жерінен алған.
Миллионға айналған 6 900 теңге және жеке рецептер
Бірде Ақдидарға анасы 6 900 теңге берген. Жас кәсіпкердің ісіне салынған алғашқы инвестиция осы болды. Азғантай ақшаға қажетті азық-түлік сатып алған оған көп күттірмей алғашқы тапсырысы түскен. Қатты қобалжып, жасаған тәттісін иесіне табыстаған ол сәлден соң өзіне жазылған оң пікірді оқиды. Дәл осы табыс оны өз крем рецептін жасап, клиенттерге ерекше ұсныстар жасауға шабыттандырады.
Анам берген 6 900 теңге сол кездегі мен үшін, бала үшін өте қомақты салым болды, - дейді ол.
Алғашқы тапсырыстарының сәтті болғанына қуанып жүрген Ақдидар ісін осы қалыпта жалғастыра берді. Клиенттерінің жақсы пікір қалдырғанының арқасында оған бір күні белгілі кофехана өкілдері хат жазады. Қуана келісілген ұсыныс тұрақты тапсырыстың болуына әсер етті. Солай бұл серіктестік 1,5 жылға созылды. Кейін желідегі аккаунты дамып, сарафан радиосының арқасында бизнесі өркендей түсті. 14 жастағы қыз тапсырысты да қабылдап, мотиды да өзі дайындады. Осылай оның табысы миллионға жеткен.
Оқу және асүйдегі түнгі уақыт
2021 жылы Ақдидар колледжге аудармашы мамандығына оқуға түсті. Оның күні оқудан басталып, тәтті пісіріп, оны сатумен жалғасқанын айтады. Тіпті күніне 60-120 моти дайындапты. Ал оған 6-12 сағат уақыт кетеді екен. Ақдидардың сонша жұмысқа үлгермей, түнімен асүйде жүретін кездері көп болған. Осының арқасында ол күніне 30 мың теңгенің айналасында табыс тапқан. Бала түгілі үлкеннің қолынан келмейтін мұндай істен стресске түсу оңай еді. Әрі Ақдидар өзінің алаңсыз қыдыратын достарын көргенде қатты қынжылатын. Осындай сәтте оған ағасы қолдау көрсетіп, бұл еңбектің болашақта ақталатынын үнемі еске салған.
Мен сабақтан күндізгі үш-төртте келіп, үнемі қажетті азық-түлікті сатып алуға шығып кететінмін. Кешкі 8-ден бастап тәтті дайындауға кірісіп, түнімен жүретінмін. Көбіне 2-3 сағаттай ұйықтап жүрдім, - дейді ол.
Осындай тынымсыз еңбек пен табандылықтың арқасында ол қомақты қаржы жинай бастады. Бірақ Ақдидар тапқан ақшасын жарату туралы мүлде ойламады. Ересектерден де көп табысқа ие болған ол сабаққа әдеттегідей автобуспен барып келетін. Сырттан ешқашан тамақтанбай, асын үнемі үйден ішіп жүргенін айтады.
Әрине, бұл 15 жастағы қыз үшін өмір сүрудің жақсы үлгісі емес. Алайда осы жағдайлар мені мықты етіп, ерте есейткен секілді, – дейді Ақдидар.
2022 жылы Ақдидардың әпкесі бизнеске қайта қосылып, олар міндеттер мен клиенттерді бөліп алған. Осыдан кейін оның ісі жеңілдей түскен. Көп ұзамай, ол өзіне, тіпті атасына жаңа телефон сатып алғанын айтады. Өзін де, жақындарын да табысы арқылы қуантқан жасөспірім бәрі керемет болмағанын тілге тиек етті. Арада бір жыл өте үлкен күйзеліске түскен.
Күйзелістің Ақдидарға қатты әсер еткені сонша ол көптеген ұсыныстан бас тарта бастаған. Бұрын күніне жүздеген тапсырыс қабылдайтын ол кейін аптасына бір-екі күнін ғана асүйде өткізетін болған. Өйткені оған жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды болды. Біраз жұмыстан бас тартқан сайын табыстың да азаятыны түсінікті. Алайда бұл жайт оның қаржылай еркін өмір сүруіне кедергі болмады. Өйткені Ақдидар бұрын үнемдеп, сақтап қойған ақшасын әлі біраз уақыт жаратып жүре алады.
Қазір ол өз ырғағымен жұмысын жалғастырып, өмірден ләззат алып жүр. Биыл сәуірде анасын Таиландқа апарды. Әрі алға жоспарлап қойған саяхаттары да бар. Бүгінде жасы 18-ге келген ол алдағы уақытта Еуропаның жоғарғы оқу орнына түсіп, арада уақыт өте осы бизнесін сол жақта ашуды көздеп жүр. Әрі IT саласына қызығып, өз бағын сынап көрмек.