Ерке Есмахан «Қайда» әнін студенттен сатып алған
Маған сол кезде бұл сома үлкен ақша болып көрінді, - дейді сазгер
Сазгер, әнші Диана Исмаил Динара Сәтжанға берген сұхбатында Ерке Есмаханның орындауында хитке айналған «Қайда» әні туралы айтты.
«Қазақстан дауысынан» кейін мені халық тани бастады. Ол кезде 1-курс студентімін. Ол байқаудан кейін жаңа ән сатып алуға қаражатым болмады. Студияға жарыққа шықпаған бірнеше ескі әнімді апарғанда, әнші Ерке Есмахан да сол студияға келіп, менің әнімді естіп қалыпты. Кейін маған хабарласты. «Ерке деген әпкең боламын, сен әніңді шығарайын деп жатырсың ба?» деп сұрады, сатып алғысы келетінін айтты. Ол әнді мен 15 жасымда жазған едім. Әннің бағын әнші ашты. 160 миллион қаралым жинап тұр, – деді Диана Исмаил.
Содан кейін Ерке Есмахан әннің бағасын айтып, студент қыздан сатып алған көрінеді.
2016 жылы студент кезім болатын. Сол әнді 300 мыңға бағаласам, қымбат болар деп, Ерке 250 мыңға сатып алды. Маған сол кезде бұл сома үлкен ақша болып көрінді. Ол кезде қатарластарым даяшы болып жұмыс істейді. Мен әлгі жерде 250 мың теңгені алған соң «Бұл ақшаға не істеуге болады?» деп көп ойландым. Америкаға барсам ба екен, кеме жалдасам ба екен, ақша жинап, көлік алсам ба екен деп ойладым. Қазір де жап-жақсы ақша сияқты, – деп күлді ән авторы.
Еске сала кетсек, көпшіліктің талқысына түскен «Ұйқым келмейді» әні де осы Диана Исмаилдың туындысы.