30 шілдеден бастап қандай банкноттың пайдалануға жарамайтыны ескертілді
bai-bol.kz
bai-bol.kz | 26 шілде, 2024
Қаулы келесі аптада қолданысқа енгізіледі
Қазақстан ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемақысын айқындау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жаңа түзетулерге сәйкес, тозығы жеткен банкноттар қатарына мыналар жатады:
- бояғыш заттар төгілген;
- бөгде жазбалары бар, оның ішінде: ультракүлгін жарықты түсірген кезде көрінетін, арнайы химиялық ұнтақпен өңделген;
- машинамен оқылатын белгілерді көрсетпейтін;
- жыртылған, желімденген немесе желімденбеген бөліктері сөзсіз бір банкноттікі және бірге Ұлттық банк белгілеген банкнот өлшемінің кемінде 70%-ын қамтитын банкноттар;
- бұрышынан немесе шетінен өлшемінің 1%-нан астамын жоғалтқан, бірақ Ұлттық банк белгілеген банкнот өлшемінің кемінде 70%-ын сақтап қалған;
- түссіз жабысқақ лентамен желімденген жыртығы бар;
- банкноттағы тесіктердің болуы оны айналыстан шығару үшін тесілгенін білдіретін жағдайларды қоспағанда, диаметрі 3 және одан астам миллиметр болатын ойықтары, тесіктері және жыртықтары бар;
- банкнот бейнесі жойылуына әкеп соқтырған сырылу белгілері бар;
- от шалған және күйген, бірақ Ұлттық банк белгілеген банкнот өлшемінің кемінде 70%-ын сақтап қалған;
- банкнот бейнесі мен ашықтығы төмендеуіне әкеп соқтырған, бет және сырт жақтары кірлеген банкноттар тозған банкноттарға жатады. Кірлеу дегеніміз – шаңның, кірдің, майдың және басқа да ластағыш заттардың болуы салдарынан беті қарайған банкноттардың жай-күйі;
- үлбіреген және қағаздың қаттылығы жойылған;
- банкноттарды сақтау және қауіпсіз тасымалдауға арналған құрылғыларда пайдаланылатын арнайы бояумен боялған.
Қаулы 2024 жылғы 30 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.