Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы туралы ақпарат – жалған
Хабарламада аты аталған Әлібек Ахметов «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қызметкері емес
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ әлеуметтік желіде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының пилоттық жобасы іске қосылғаны туралы тарап жатқан ақпараттың жалған екенін ескертеді.
Компания нақтылап өткендей, autoneseie.kz сайтында өтінімдер қабылдау басталғаны және несиені жеңілдік шарттарымен алуға болатыны туралы барлық хабарлама шындыққа еш жанаспайды. Өйткені «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын іске асырмайды.
2023 жылдың маусымында аталған қор бағдарлама қаражатын жолаушылар автобустары лизингісін қаржыландыруға қайта бөлінгенін жариялады.
Сондай-ақ тарап жатқан хабарламаларда аты аталған Әлібек Ахметов «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қызметкері емес, телефон нөмірі мен веб-сайты да жалған екенін нақтылаймыз. Біз осы ақпарат қызықтырған барлық мүдделі тұлғаларды тек ресми ақпарат көздеріне («Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ресми сайтына https://idfrk.kz/kz/ және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарға) сенуге шақырамыз. Қаржыландыру бағдарламалары мен қордың қызметі туралы кез келген ақпарат тек осы платформаларда жарияланып, содан кейін БАҚ арқылы таратылады, – дейді қор өкілдері.