90 мыңнан аса қазақстандық қаржылық сауатын арттырды
Бізде халықтың 84%-ы қарызға белшеден батқан
Елімізде 8 млн-нан аса адамның басында несие бар. 24KZ-тің хабарлауынша, олардың қарызы 18 трлн теңгеден асып жығылады. Әсіресе тұтынушылық несиеге тұтылғандар көп.
«Халықты қарыз қамытынан құтқарудың ең тиімді жолы – қаржылық сауатын арттыру» дейді мамандар. Осы мақсатта елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынғаны белгілі. Былтыр оған 65 мың адам қатысқан. Жобаның игілігін ел президенті де ерекше атап өткен.
Практикалық тапсырма ретінде біз қолданып жүрген банк қосымшаларын ашып, ай сайынғы шығындарды қарастырамыз. Сол кезде қатысушылар шын мәнісінде ол көптеген ақша екенін, оған есеп жүргізбейтінін және қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын білмейтінін өздері түсініп жатады. Мұның артында үлкен еңбек жатыр: өзіңді тәрбиелеу, өзіңе талдау жасау, жоспарлау сияқты қасиеттерді өміріңе енгізу, - дейді қаржылық сарапшы Әйгерім Рысбаева.
Дәріс алушылар – түрлі сала өкілдері. 18-дегі жеткіншектермен қатар, 60-ты алқымдағандар да бар. Бірі кәсіп бастауға, енді бірі ақшасын ұтымды инвестициялауға көмек сұрай келген. Әрине, арасында қаржылық ұйымдардан қарыз алып, кейін төлей алмай қиналған тұрғындар да кездеседі. Олардың мәселесін заңгерлер қарастырады. Жыл басынан бері мұндай 30 мыңнан астам адамға жеке кеңес берілген.
Адамдардың 18 триллион теңге қарызы бар. Оның 13 триллионы – тұтынушылық несие. Яғни, бізде халықтың 84%-ы қарызға батқан. Оның ішінде жұмыс істеп, жақсы табыс тауып жатқан адамдар да, кәсіпкерлер де бар. Кейбір адамдар өзінің проблемасын жұрттың көзінше айтуға ұялады. Сондықтан бізде жеке кеңес беру бар. Заңгерлердің көмегімен біз жеке-жеке жағдайларды қарастырамыз, яғни несиені қайта құрылымдау, реттеу немесе жаңа кесте алу, - дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының менеджері Фариза Асылбек.
«Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздің барлық аймағында тегін іске асып жатыр. Оған қатысу үшін qogamfin сайты, әкімдік немесе AMANAT партиясына өтініш жолдау қажет. Оқу ұзақтығы – 5 күн. Әзірге 90 мыңнан аса адам ниет танытқан. Мамандар жыл соңына дейін 750 мыңға жуық тұрғынның қаржылық сауатын арттыруды көздейді. Қыркүйектен бастап оқушылар мен студенттер үшін де арнайы оқыту бағдарламасы енгізіледі.