Түрік компаниясы Алматы облысына 5 мың тонналық көкөніс қоймасын салмақ
Оның өнімдері әлемнің 18 еліне экспортталады
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы түркиялық Saraylım Tarım компаниясының басқарма төрағасы Ылыджа Мустафамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі тарап инвестициялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Saraylım Tarım – Түркия Республикасында жеміс пен көкөніс сақтау саласында жетекші компания. Қоймаларының сыйымдылығы – жылына 14 мың тонна жеміс-жидек, ал өңдеу қуаты – жылына 35 мың тонна.
Saraylım Tarım өнімдері әлемнің 18 еліне экспортталады. Компания қуаты 5 мың тонна көкөніс қоймасын салуға мүдделі. Сондай-ақ сірке суы мен көкөніс консервісін өндіруді жолға қою ниеті бар. Жобаға салынған инвестиция сомасы – 15 млн доллар.
Ылыджа Мустафа жобаның Алматы облысында іске асырылатынын, оған қазақстандық серіктес анықталғанын хабарлады.
Өз кезегінде вице-министр инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау, көзделген субсидиялар, жеңілдіктер мен преференциялар туралы айтып берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны іске асыруға барынша жәрдем көрсетуге дайын, - деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.