Атырау облысында 8 кәсіпорын жұмысшыларға 43,2 млн теңге жалақы төлемеген
Еңбек инспекторлары 1 159 өтінішті қарады
Атырау облысында 8 кәсіпорынның 75 жұмысшыға 43,2 млн теңге жалақы қарызы бары анықталған. Сол себепті еңбек заңдылығын бұзған компанияларға 8,8 млн теңге айыппұл салынып отыр.
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кемел Иманғалиевтің айтуынша, жоспардан тыс жүргізілген 90 тексеру кезінде заңмананы бұзған 43 дерек анықталған.
Жыл басынан бері басқармада 1 200-ден астам өтініш тіркелген. Еңбек инспекторлары 1 159 өтінішті қарады. Ал қалған өтініштер өзге құзырлы органдарға жолданды. Осы кезеңде еңбек қатынасы бойынша 938 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Құқық бұзушыларға 43 заңсыздықты жою туралы 29 ұйғарым беріліп, 35 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде заң бұзғандарға 8,8 млн теңге айыппұл салынды, - деп хабарлады Кемел Иманғалиев.
Оның айтуынша, басқармаға түсетін өтініштердің басым бөлігі жұмысшының еңбекақысына байланысты болып отыр.
Жұмысшының еңбекақысын төлемеу және кешіктіру жағдайына жол бермеу мақсатында тиісті уәкілетті органдармен бірге түсіндіру жүргізілді. Еңбек дауына байланысты тексеріс нәтижесінде облыстағы 8 кәсіпорынның 75 жұмысшыға 43,2 млн теңге жалақы берешегі бары анықталды. Қабылданған тиімді шаралардың нәтижесінде қызметкерлердің жалақылары төленіп, еңбек құқығы қорғалды, - деді Кемел Иманғалиев.