Шымкентте қысым көрген бір топ кәсіпкер қала әкімдігінің алдына жиналды
Күнара айыппұл салуды әдетке айналдырған жауаптылар енді тұрған тауардың тас-талқанын шығаруға көшкен
Бүгін Шымкентте құм мен шағыл тас сататын 50-ден аса азамат қала әкімдігінің алдына жиналды. Ғабит Сыздықбековпен кездесуге келген жұрттың тілегі бір. Олар жергілікті билік жеп отырған нанымыздан айырмаса екен дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Жиналғандар қаладан 10 шақырым жердегі базарға көшу туралы әкімдік талабымен келіспейді. Олар күнара айыппұл салуды әдетке айналдырған жауаптылар енді тұрған тауардың тас-талқанын шығаруға көшкенін айтады.
Екі күн бұрын ғана тәртіп сақшыларымен бірге келіп, тұрған шағыл тас пен құмды жүк көлігімен жаншып, тауарымыздың тас-талқанын шығарды. 600 мың теңгенің заты араласып, жарамсыз болып қалды. Енді ол ақшаны кім өндіріп береді? Кімнен көмек сұраймыз? Халықтың арқасүйер адамдарының өзі осылай жасап жатса, қайда барарыңды да білмей қалады екенсің, - дейді 20 жылдан бері құрылыс затын сатуды кәсіпке айналдырған Аужанғали Медетбеков.
Кәсіпкерлер билік өкілдерінің бұл әрекетін оларды қала сыртындағы базарға көшіруінің жалғыз амалы деп санайды. Шымкент бойынша дәл осындай ұсақ құрылыс заттарын сататын 20-дан аса нүкте бар екен. Оның барлығы жер үйлер орналасқан аумақта жұмыс істейді. Әрқайсысында кемі 20 қызметкер бар көрінеді. Осылай деген кәсіп иелері шенеуніктердің уәдесіне сенуден қалдық дейді.
Бұлар бізге негізі 7 ай бердік дейді. Ешқандай уақыт берілген жоқ. Өздерінің қала сыртындағы базары дайын болған жоқ. Бізге басында айтылғаны қаладағы құм-тастарыңды азайтып, шет-шетін қоршап, тазалық сақтап, жаңа базарға құмды үйіңдер деген. Сол кезде істейсіңдер деп талап қойды. Біз оны да істедік. Тыныштық берсін деп клиент келмесе де жүк көліктерімен тауар тасыдық. Енді келіп, сөздерінен айнып отыр. Уәде берген соң орындау керек қой, - дейді кәсіпкер Арысбай Қамытбеков.
Әкімдік өкілдері кәсіпкерлердің тауарын талқандағанын не растаған жоқ, не жоққа шығармады. Айтуларынша, шағыл тас пен құмды қала ішінде сату бюджет қаржысына салынған жолдың тоз-тозын шығаруы мүмкін. Сондықтан жыл басынан бері ескертіп келе жатырмыз деген атқамінерлер қала сыртында бес бірдей базардың жұмысқа дайын тұрғанын айтады.
Қаланың көшелері бюджеттің қаржысына салынады. Ал құм жай ғана арбамен келмейді. Үлкен машиналармен келеді. Белгіленген мөлшерден тым артық жүк артып келгеннен кейін бұл қалада көшелердің бұзылуына және тозуына әкеп соғып жатыр. Бұл мәселені олар ескермейді. Тек өз жағдайын, өз пайдасын ойлайды, - дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялдық иновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.
Бұған кәсіпкерлердің көзқарасы кереғар. Айтуларынша, жаңа базар қаладан 10 шақырым жерде орналасқан.
Бізде сауда жылдың бір-ақ мезгілінде болады. Ол – жаз. Қазір не соңы емес, не басы емес. Қаланың көркін кетірмеу үшін қоршау салыңдар деді. Оны да істедік. Енді не керек? Түсінбейміз, - дейді кәсіпкерлер.
Кәсіп иелері қала басшысымен кездесу үшін әкімдік алдында күн ұзаққа отырды. Алайда жиналған жұртпен жүздесу үшін Ғабит Сыздықбеков сол күйі шыққан жоқ.