Қызылордада адвокат пен зайыбы таныстарынан 8 млн теңгені алдап алған
Екеуіне 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қызылорданың №2 қалалық сотында қызметтік мансабын асыра пайдаланып, алаяқтыққа барған адвокат пен оның жұбайының ісі сотта қаралды.
Анықталғандай, сотталушы А. адвокаттық қызмет көрсетіп жүріп, әйелі сотталушы Г.-нің танысы М.-ны қылмыстық іс бойынша жауапкершіліктен босатып беремін деген негізбен оны алдап, сенімін теріс пайдаланып, оған қатысты тексеруді тоқтатып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамау мәселесін департаменттің лауазымды тұлғаларымен шешіп беремін деп, 8 млн теңге пара беру керектігіне сендірген.
Алаяқтық пиғылдарынан бейхабар болған жәбірленуші М. олардың алдауына көніп, тексеруді тоқтату үшін 8 млн теңге пара беруге келісімін беріп, 5 млн теңгені қолма-қол ұстатқан.
Осыдан кейін сотталушылар А. мен Г. аталған 5 млн теңгені алдап алғанымен қоймай, қылмыстық іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізу мақсатында қалған 3 млн теңгені алу үшін қайта-қайта хабарласып, департаменттің лауазымды тұлғалары параның қалған бөлігін сұрап жатқандығын, тексерудің тоқтатылатынын, алған ақшаны департаменттің лауазымды тұлғаларына бергендігін айтып сендірген.
Соның салдарынан жәбірленуші М.-ға ірі мүліктік залал келтірген. Басты сот талқылауында жәбірленуші М. өзіне келтірілген мүліктік шығын қайтарылғанын, сотталушыларға кешірім беретінін, талап арызынан бас тартуына байланысты қараусыз қалдыруды сұрайтынын, сотталушыларға жаза мәселесін соттың құзырына қалдыратынын айтып көрсеткен, - делінген ақпаратта.
Оларға ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен, 28-бабы 4-бөлігі және 367-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен айып тағылды.
Сотталушылар кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, әрқайсысына түпкілікті мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді, - деп мәлімдеді Қызылорда қаласының №2 соты.