Елордада қазақы тазыны дүниежүзіне мойындату алғышарты жасалды
Ит жанашырлары Kazakh Tazy брендін өзімізге бекітіп алуға талпынып жатыр
Қазақстан Кинологтар одағының ұйымдастыруымен Астанадағы EXPO Халықаралық көрме орталығында иттер көрмесі өтті.
Бұл ретте арнайы халықаралық комиссия әртүрлі жас санаты мен түсі бойынша мұқият іріктелген 100-ге жуық қазақы тазыны тексерді. Енді осы көрмедегі комиссия жұмысының қорытындысы негізінде Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) бас комитетінің шешімі биылғы қыркүйекте Амстердамда белгілі болады.
Жалпы, қазақтың тазысы дүниежүзілік деңгейде әлі мойындалмаған. Соны мойындату және Kazakh Tazy брендін елімізге бекітіп алу қажет. Ал қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындау үшін FCI міндетті талаптарының бірі – иттердің тазақандылық стандартына сәйкестігін тексеру, олардың шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму перспективаларын зерттеу.
Көрмеге аңшылық иттерін жетектей келген үміткерлерді әңгімеге тартып көрдік. Абай, Түркістан, Алматы облыстары сияқты алыс өңірдегі аңшылардың әрқайсысы сыннан өткізуге біржолата 10-15 тазыдан әкеп қосқан. Айтуларынша, сол иттің бәрі қонақ үй бөлмесінде өздерінің қасында болған. Кезінде 12 қанатты ақорданың төрінде жатқан ақсүйек тұқым бұл жолы да қонған орындарын нәжіс-зәрімен былғап, ыңғайсыздық тудырмаған көрінеді.
Тазылардың түр-сипатын аңдадық. Сүйір тұмсық, шашақ құлақ, шыбық құйрық, тықыр жүнді, қиығы қысыңқы көзі бадырайған, шынтағы қабырғадан алшақ, арқасы түзу, бойлары біркелкі. Ала, теңбілі де жоқ, бәрі бірыңғай (ақ, қара, көк, сары, қоңырқызыл) түсті. Албаты үрмейді, ырылдаспайды, ұлымайды. Осы ерекшеліктерінің өзі-ақ – аңшылық үшін жаратылған тазақандылықтың нышаны.
Қасқыр, қабанмен тіреспеген демесек, көрмеге келген тазылар түлкі, қарсақ, борсық сияқты аңдарға түгел ауызданған екен. Арасында қоянды шақырымға жеткізбей қағып түсіретін құмай тазылар да бар. Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидың айтуынша, олардың да мақсаты – алдымен қазақ тазысының осындай алғыр аңшылық қасиетін сақтап қалу.
Бұл көрме – қазақ халқы үшін тарихи маңызы бар іс-шара. Еліміздің ұлттық мақтанышы мен мәдени мұрасының нышаны – қазақы тазы тұқымын ұлттық қазына және бренд ретінде бекіту, халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі туып тұр, – дейді ол.