Жасанды интеллектті «қазақша сөйлету» үшін 4 млрд теңге кетеді
Жобаны мақсатты қаржыландыруға министрлік конкурс жариялады
Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде жасанды интеллектті дамыту мақсатында қазақ тілін де сауатты енгізу қолға алынатынын жеткізді.
Президенттің жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде министрлік KazLLM үлкен тілдік моделінің жобасын әзірлеу үшін деректер массивін жинап жатыр.
Жалпы деректерді жинау нәтижесінде қазақ тілін өңдеудің жоғары сапалы моделі жасалады. Болашақта бұл автоматты аударманы жақсартуға ғана емес, жалпы қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеудің сапасы мен дәлдігін арттыруға көмектеседі. Деректерді жинау үшін министрлік консорциум құрды. Оған ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Satbayev University, Nazarbayev University, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен ҚазҰУ кірді, – делінген хабарламада.
Осы жобаны мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша министрлік жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгеге конкурс жариялады.
KazLLM үшін деректер массивтерін толтыруға консорциум, ЖОО және мемлекеттік органдар деректерді Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесінде береді.