Қазақстандық брокерлерге ресейлік бағалы қағаздардан құтылу керектігі ескертілді
АҚШ Ресей ұлттық есеп айырысу депозитарийіне санкциялар енгізген
Қазақстандық бағалы қағаздар орталық депозитарийі (KCSD) еліміздегі брокерлер мен басқарушы компанияларды ресейлік бағалы қағаздардан құтылуға шақырды, деп хабарлады Курсив.
Бұл шешім АҚШ-тың Ресей ұлттық есеп айырысу депозитарийіне (NRD) санкциялар енгізуіне байланысты болып отыр.
Депозитарий «RU» ISIN кодтары (халықаралық бағалы қағаздың сәйкестендіру коды) бар бағалы қағаздар туралы мәлімдеді. Олардың соңғы есебі Ресей ұлттық есеп айырысу депозитарийі арқылы іске асады.
Тұтынушыларға хатта Орталық депозитарий көрсетілген күннен кейін «RU» ISIN кодымен бағалы қағаздар бойынша бұйрықтарды орындауда ықтимал шектеулер мен қиындықтар болатынын алдын ала хабардар етеді, – делінген депозитарий хабарламасында.
Депозитарий брокерлер үшін 10 тамызға дейін мерзім белгіледі. Себебі АҚШ Қаржы министрлігінің Ресей ұлттық есеп айырысу депозитарийіне қатысты бас лицензиясы 13 тамызға дейін қолданыста болады. Бұл кезең брокерлерге ресейлік бағалы қағаздарды қазақстандық депозитарийдің номиналды ұстауынан шығару туралы нұсқаулар жіберу үшін берілген. Олардың есеп айырысу шоттары NRD-да орналасқан.