Түнтеков әншілердің өзіне жинап берген қаржысын сырқат балаға аударып жіберген
Мәселе қанша қаражат жиналғанында емес, көңілде, - дейді ол
Әнші Қайрат Түнтеков басына іс түскенде өнер өкілдерінің ақша жинағанын айтып берді. Ол Qazaq Airan Youtube-арнасы арқылы қиын сәтте көмектескен әріптестеріне алғысын айтты.
Жол апатына түсіп, қамауға алынып жатқанда өнердегі аға-әпкелерімнің қолдауы көп болды. Қиын кезеңде Ерлан Көкеев ағамыз, Айжан Нұрмағанбетова әпкеміз қайырымдылық ән кешін ұйымдастырып, маған көмек ретінде қаражат жинаған. Ол кісілерге әлі күнге дейін алғысым шексіз. Мәселе қанша қаражат жиналғанында емес, көңілде. Сол кезде мені солай қолдағанына қатты қуанамын. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз. Қазір күліп еске аламыз ғой, бірақ сол кезде маған өте ауыр тиді, – деп ағынан жарылды әнші.
Сондай-ақ ол жиналған қаражатты өзіне жұмсамай, сырқаттанып жатқан балаға аударып жібергенін айтты.
Өнер адамдары жинаған қаражатқа қайта тоқталғым келеді. Сол жиналған ақшаны Алланың қалауымен баласына ота жасау үшін жұрттан көмек сұраған кісіге бердім. Бір тиынын да алмадым. Бұл туралы қайталап айта бергім келмейді, мұндайды жақтырмаймын. Кейін ол бүлдіршіннің отасы сәтті өтіп, сырқатынан айығып кеткенін естідім. Қатты қуандым. Өнердегі аға-әпкелерім әлі күнге дейін басына іс түскен әріптестеріне көмектесіп тұратынын білемін, – деді Қайрат Түнтеков.