БҚО прокуратурасы 800 мың теңге тұратын былғары плащқа тапсырыс берген
Оның мемлекеттік әділет кеңесшісіне арнап тігілетіні көрсетіліпті
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы 800 мың теңге тұратын былғары киім тігуге тапсырыс берген. Байқау мемлекеттік сатып алулар сайтына жарияланды.
Қосымша сипаттамада былғары плащтың мемлекеттік әділет кеңесшісіне арнап тігілетіні көрсетілген. Сырт киімнің қара түсті, түкті астары бар, таза былғарыдан жасалуға тиіс екені айтылған. Жағасы нағыз қаракөл жүнінен жасалуы керек. Сондай-ақ оның жылытқышы, погоны, түймелері мен шевроны болуы шарт.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі 6 маусымда баға ұсыныстарын сұрау арқылы расымен осындай байқау жарияланғанын мәлімдеді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, плащқа қызмет қажеттіліктеріне байланысты тапсырыс берілген.
2024 жылғы 13 маусымда «Камода» ЖШС-нің бір баға ұсынуына байланысты мемлекеттік сатып алу өткізілмеді. Сол күні мемлекеттік сатып алу порталы автоматты түрде «Камода» ЖШС жеткізушісіне электронды шақыру жасады. 2024 жылғы 18 маусымдағы мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, «Камода» ЖШС шақырылған жеткізушімен «Электронды сатып алу арқылы бір көзден алу» тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу туралы шешім қабылданды, – деп жауап берді облыстық прокуратура.