«Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесіміз». Немістер біздің нарықты «жаулап» алмақ
Біз Қазақстандағы өнеркәсіптік жобаларды дамытуға үлес қоспақпыз, - деді Катрина Клаас-Мюльхойзер
Премьер-министр Олжас Бектенов Rhenus Group компаниялар тобының басқарма төрағасы Тобиас Бартцпен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Қоймалау инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол тасымалын дамыту арқылы Қазақстанның транзиттік қуатын арттыруға бағытталған жобалар қаралып, жаңадан қазақ-неміс кәсіпорындарын құру перспективалары талқыланды.
Айта кетсек, Rhenus Group әлемдегі ең ірі 25 логистикалық компанияның қатарына кіреді және Еуропада 70 терминал желісіне иелік етеді, сонымен қатар контейнер түрінде 22 терминалы бар.
Тобиас Бартц Қазақстанның жаһандық логистикадағы нығайып келе жатқан рөлін атап өтті және терминалдық қуаттарды ұлғайту үшін қазақстандық компанияларды тарта отырып, жаңа аумақтар құруға қызығушылық танытты. Бұл Еуропаның жеткізу тізбегін Орталық Азиямен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетті толық ашу үшін инвесторлармен ашық жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Қазақстан аумағы арқылы ірі трансқұрлықтық көлік дәліздері – Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі ең қысқа жолдар өтеді. Қазақстан Әзербайжанмен және Грузиямен Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тауарларды өткізу уақытын қысқарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Бір жыл ішінде орта дәліз арқылы өтудің жалпы уақыты 2 есе қысқарған.
Қазақстан Үкіметі елдің көлік-логистикалық әлеуетін барынша ашуға ниетті. Біз бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастыққа дайынбыз. Өз тарапымыздан бизнес үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалға кепілдік береміз, - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың, Германия экономикасы Шығыс комитеті басқармасының төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзердің қатысуымен Берлин Еуразиялық клубының 40-мерейтойлық отырысы өтті. Оған мемлекеттік және жеке сектор өкілдері, Германияның CLAAS, CT AGRO GmbH, Knauf International GmbH, Atlas International GmbH секілді жетекші компанияларының басшылары қатысты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Германияның еліміздің Еуропалық одақтағы ең маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарына еніп, бірден 10 позицияға көтерілген.
Республикамыздағы инвестициялар қауіпсіздігі мен жоғары саяси тұрақтылықты мойындаудың маңызды белгісі – Германия Федералды Үкіметінің Қазақстанды ынтымақтастық орнату үшін инвестициялық кепілдіктер берудің жеңілдікті тәртібі қолданылатын 34 мемлекеттің тізіміне қосуы болды, – деді Роман Скляр.
Өз кезегінде Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі екенін баса айтты. Ол неміс делегациясының Қазақстанға агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургиясы, энергетика, көлік және логистика салаларында нақты бірлескен жобаларды іске асыруды уағдаласу мақсатымен келгенін ерекше атап өтті.
Германия шетелде серіктестерді белсенді іздеп отыр. Осы орайда Қазақстан – ынтымақтастықты кеңейтудің басым бағыты. Біз қосылған құны жоғары өнім шығарғымыз келеді және Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік жобаларды дамытуға үлес қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы.
Сонымен қатар Роман Скляр құрамына 15 неміс компаниясының басшысы кіретін неміс экономикалық делегациясының өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар пікір алмасып, ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін анықтап, экономиканың түрлі салаларындағы әріптестікті тереңдетудің ықтимал жолдарын талқылады.