Қазақстан-Қытай арасындағы тауар айналымын 100 млрд долларға жеткізу көзделген

Қазақстан-Қытай арасындағы тауар айналымын 100 млрд долларға жеткізу көзделген rail-news.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 11 шілде, 2024

Таяу Шығыс елдерінде тоңазытылған қой еті, құс еті және субөнімдерге сұраныс жоғары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжунды қабылдады.

Әңгімелесу барысында қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтарды екі ел Үкіметтерінің іске асыру барысы талқыланды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді. Сонымен қатар ҚХР-мен екіжақты қарым-қатынасты мүлде жаңа деңгейге көтеру еліміз үшін маңызды басымдық саналады.

Қазақcтан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктестігі мен мәңгілік достығы ұдайы дамып келеді. Біз болашаққа сеніммен қараймыз. Мұны ерекше атап өту керек. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі бойынша көш бастап тұрған Қытай – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктесі. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Біз мұны 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Лю Гочжун Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Қытай халқының сыралғы әрі ізгі ниетті досы ретінде сіз осы жылдар ішінде Қытай мен Қазақстан қарым-қатынастарының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Мұны қытай тарапы жоғары бағалайды. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз қуатты, гүлденген жаңа Қазақстанды құру жолында ілгерілей беретініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан – тату көршілер, сенімді серіктестер әрі бір-бірін толықтыратын достас елдер, – деді Лю Гочжун.

Кездесу барысында сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика және туризм салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Енді 2029 жылға қарай Қазақстан экспорт көлемін 45 млрд долларға жеткізіп, Қытаймен арадағы сауда-саттықты күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

Ең алдымен Қытайға баса назар аударылып отыр. Орта мерзімді перспективада дайын өнімнің экспортын 2,5 есе ұлғайту және 12,5 млрд долларға дейін жеткізу (2023 жылдың қорытындысы бойынша, ҚХР-ға шикізаттық емес тауарлардың экспорты – 5 млрд доллар) мақсатын қойып отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шекара маңындағы саудаға қажет инфрақұрылым құрылуда, - деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.

Оның айутынша, қазір Таяу Шығыс елдеріне сұранысы жоғары тоңазытылған қой еті, құс еті және субөнімдер сияқты жоғары маржалық тауарларды жеткізуді ұлғайту пысықталып жатыр.

Біз үшін қазақстандық азық-түлік және органикалық өнімдерді сатып алуға, сондай-ақ экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеуге дайын Еуропалық одақтың нарықтары да басым бағыт саналады, - деді министр.