Ел тұрғындары жалақысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды
Тек Ақтөбе, Алматы облыстарында ғана шығыс төмендеген
2024 жылдың бірінші тоқсанында әрбір қазақстандық азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға 131,3 мың теңге жұмсаған. Ол – бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 6,7% артық. Бұл туралы finprom хабарлады.
Былтыр бірінші тоқсанда азық-түлік пен сусынға жұмсалған қаражат жан басына шаққанда орта есеппен 123,1 мың теңге болып, жылдық өсім 21,1%-ға жеткен. Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2019 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар азық-түлік пен сусындарға жан басына шаққандағы орташа есеппен небәрі 72,3 мың теңге жұмсаған. Бұл көрсеткіш – 2024 жылмен салыстырғанда, 44,9% аз.
2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, тауарлар мен қызметтердің бағасы жылына 9,3%, азық-түлік тауарлары 7,5%, ал тікелей азық-түлік және алкогольсіз сусындар 7,2% өсті.
Аймақтық жағдайға келетін болсақ, азық-түлік пен сусынға Алматы тұрғындары көп шығын (биылғы бірінші тоқсанда – жан басына шаққанда 181,5 мың теңге, бір жыл бұрынғыдан 7,7% артық) жұмсайды. Ел бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда, алматылықтар 38,2% көп шығындалған.
Екінші және үшінші орындарда Шығыс Қазақстан (152,1 мың теңге, былтырғымен салыстырғанда 4,1% өскен) және Маңғыстау (146,7 мың теңге, былтырғыдан 6,7% өскен) облыстары тұр.
Азық-түлік пен сусынға аз ақша жұмсайтын өңірлер:
- Қызылорда (жан басына шаққанда 104,6 мың теңге);
- Ақтөбе (106,4 мың теңге);
- Түркістан (110,4 мың теңге) облыстары.
Тек Ақтөбе, Алматы облыстарында ғана шығыс төмендеген: жан басына шаққанда, 5,1%, 106,4 мың теңгеге, тиісінше 4,3%, 124,3 мың теңгеге дейін.
Сала бойынша шығыстардың ең көп жылдық өсімі – Жетісу облысында (19,8%, жан басына шаққанда 141,3 мың теңгеге дейін), ең азы – Ақмола облысында (1,2%, 112,4 мың теңгеге дейін) тіркелді.
Қазақстандықтардың азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған барлық шығынының үштен бірі ет өнімдеріне тиесілі: жан басына шаққанда 43,3 мың теңге, бір жыл бұрынғыдан 6,4% артық.
Сондай-ақ ел тұрғындарының сектордағы шығыстарының көбін нан және жарма өнімдері (бір адамға 20,5 мың теңге, +бір жылға 8,6%) және сүт өнімдері (14,5 мың теңге, +7,7%) қамтыды.
Ең қымбат азық-түлік санаттарының бестігіне жемістер (жан басына тоқсанына 11,6 мың теңге) және көкөністер (8,9 мың теңге) кірді.
Қазақстандықтар бір тоқсанда қант, кондитерлік өнімдер мен тәттілерге 6,7 мың теңге, балық пен теңіз өнімдеріне 5,9 мың теңге, алкогольсіз сусындарға 5,8 мың теңге, жұмыртқаға 3,3 мың теңге жұмсаған.