Шетелден жүк тасымалдайтын көліктеріміздің саны 9 мыңға жетті
Экспорттық, импорттық жүктердің жалпы көлемі 7 млн тонна болды
Қазақстанда шетелден жүк тасымалдайтын көліктерге тағы 2 мыңы қосылды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство халықаралық жүк тасымалы бойынша оң өсім байқалғанын атап өтті.
Экспорттық, импорттық жүктердің жалпы көлемі 22% артып, 7 млн тонна болды. Транзиттік тасымалдар көлемі 44% өсіп, 3,6 млн тоннаға жетті. Өйткені министрлік жүк тасымалдайтын қазақстандық операторлардың жұмысына оң серпін беретін нормативтік құжаттарды қабылдаған.
Нәтижесінде отандық тасымалдаушылардың халықаралық тасымалдағы үлесі 47%-ға жетті. Осылайша, шетелден жүк тасымалдайтын көліктердің саны 2 мыңға артқан. Барлығы – 9 мың көлік. Бұл шаралар қосымша жұмыс орындарын ашуға, отандық тасымалдаушылардың табысын арттыруға мүмкіндік берді, - деп жазылған хабарламада.