Биыл жемқорлардан мемлекетке 64 млрд теңге қайтарылды
Бұл қаражат халық игілігіне жұмсалады
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен арнайы комиссия соңғы отырысының қорытындысы бойынша, 24 млрд теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды. Бұл ретте активтерді қайтару жөніндегі комитет арнайы мемлекеттік қорды 2,2 млрд теңгеге толықтырып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл қаражат елдегі су тасқынының салдарын жоюға бағытталған.
Содан кейін мемлекет кірісіне қосымша тағы 40 млрд теңге қайтарылды. Оның 38 млрд теңгеден астамы – ақшалай қаражат, сондай-ақ Астанадағы құны 2 млрд теңге тұратын бизнес-орталық.
Осы орайда 7 млрд теңгенің инвестициялық келісімдеріне қол қою мақұлданды. Оның аясында «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында 2 инфрақұрылым нысанын салады. Ол жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді.
Активтерді қайтару жұмыстары – мемлекет басшысының әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі саясатының тікелей іске асырылуы. Барлық қайтарылған қаражат Қазақстан халқының игілігіне жұмсалады, – деді Олжас Бектенов.