Елдегі 722 базардың 78-і жабылған: министрлік қалғанын жаңартып қоюға кірісті
Олардың жалпы ауданы 7,4 млн шаршы метрді қамтиды
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі базарларды түгел жаңарту керек екенін ескертті. Оның айтуынша, сауда базарларын дамыту әлі де өзекті.
Олардың бәрі бірдей қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан бизнеспен бірге жаңартуды талап ететін базарлар анықталды. Бүгінде 460 универсалды базардың 195-ін заман талабына сай жаңарту керек. Олардың 121-і жаңартылды. Қалған 74-і бойынша әкімдіктермен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді, - деді министр.
Бұл ретте базарларды жаңартуды аяқтауға әртүрлі мерзім белгіленгенмен, барлық жұмыс 2025 жылдың соңында толық аяқталуы шарт.
Еске сала кетсек, биыл 1 қаңтарда ел бойынша 644 базар тіркелген. Ал 2022-2023 жылдары ғана 722 базар бар еді. Қазір оның 78-і жабылып тынған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 435 базар (121,5 мың сауда орнымен) қалада, 209-ы (38,7 мың сауда орнымен) ауыл-аймақта орналасқан. Ең көбі – Түркістан облысында (114), одан кейін Алматы және Ақтөбе облыстарында (әрқайсында 57 базардан) орналасқан.
Ал өңірлік бөліністегі ең көп сауда орны Алматы қаласында (38 базардың 23 400 орны), ең азы Ұлытау облысында (8 базардағы 528 орын) тіркелген.
Жалпы, 298 базар заңды тұлғаларға тиесілі болса, қалған 346-сы жеке кәсіпкерлердің атына тіркелген.
Елдегі базарлардың жалпы ауданы 7,4 млн шаршы метрді қамтиды. Сауда және интеграция министрінің пікірінше, соларды жаңартуға келесі жылдың соңына дейінгі уақыт жеткілікті болып тұр.