Түркияда «Исмиль қазақтарының мәдени үйі» ашылды

Түркияда «Исмиль қазақтарының мәдени үйі» ашылды Отандастар қоры
bai-bol.kz bai-bol.kz | 30 маусым, 2024

Мақсат – ұлттық мұраны көпшілікке дәріптеу, шетелдегі қазақтар арасында мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластық байланыстары ерекше нығайып, экономикалық, мәдени-гуманитарлық, дипломатиялық қарым-қатынастары жаңа деңгейге көтерілді. Бауырлас елдер әрқашан бір-бірін қолдап, достық пен бауырластықтың ең ерекше үлгісін жер-жаһанға паш етіп келеді.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар аясында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен түрік елінде ұлы Абай, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлының ескерткіштері ашылып, көшелерге, саябақтарға және мектептерге қазақ ғұламаларының есімдері берілді.

Жалпы, «Отандастар қоры» КеАҚ құрылғалы бері алыстағы ағайын ​​арасында кең ауқымды һәм көпқырлы байланыс жүргізіп келеді. Этникалық қазақтар мен отандастар тұратын елдердің ұлттық, мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескере отырып, ауқымды іс-шаралар өткізіп тұрады.

Маусымның 29-ында Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамының бастамасымен Кония қаласы мен Исмиль ауданы мэриясының қолдауымен «Исмиль қазақтары мәдени үйінің» ресми ашылу салтанаты өтті.

Аталған мазмұнды шарада Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Еркебұлан Сапиев, «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, Кония муниципалитеті мэрі Бейін Хитами, Кония қаласының мэрі Угур Ибрахим, Алтай, Қаратай ауданының мэрі Хасан Кылыджа, Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамы басшысы Мухаммет Алим мен Түркиядағы қазақ диаспорасы өкілдері қатысты. Анкара, Ыстанбұл сынды ірі шаһарлардан арнайы қонақтар келді.

Сонымен қатар, Қазақстаннан келіп қатысқан өнер майталмандары шараның көркін аша түсті. Атап айтсақ, Қарағанды филармониясының әншісі Меруеш Башай «Көк тудың желбірегені», әртіс Дастан Кабилов «Молдабайдың әні», күйші Нұрдәулет Шілдебаев «Аққу» күйін, ҚР еңбек сіңірген әртісі, танымал қобызшы Ғайни Болтаева «Отан Ана» шығармаларын орындап, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ тілінде шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй алыстағы ағайынның рухын көтеріп, Атажұртқа деген сағыныш мауқын басқандай болды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Отандастар қорының» президенті Данияр Қадыров:

Қазақ мәдениетін сақтап келе жатқан Исмиль ауданының бүгін экономикалық жағынан да, әлеуметтік-мәдени жағынан да үлкен жетістіктерге жеткені анық. Бүгінгі қазақ мәдени орталығы ғимаратының және оның ішінде «Абай үйінің» ашылуы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін, - деп шараның өтуіне ұйытқы болып отырған азаматтарға алғысын білдіріп, қазақтың мәдениеті мен дәстүрінің сақталуына үлес қосып жүрген  Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамынына Қоғамның «Дәстүрлі Қоржын» жобасы аясында кәдесыйлар табыстады.

Сонымен қатар, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абай һәкім айтпақшы, тарыдай шашылған қазақтың басын қосатын айтулы шаралардың тарихи тамыры терең. ҚР Түркиядағы Елшілігі, «Тюрксой» ұйымының қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ жаңа ғимарат ішінен Abai Uyi мәдени-іскерлік үйін ашуды жөн көрді. Ондағы мақсат – ұлттық мұраны көпшілікке дәріптеу, шетелдегі қазақтар арасында мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту. Қазақтың тілін, діні мен салт-дәстүрін дәріптейтін Abai Uyi мәдени-іскерлік орталығының болашақта ұлтымыздың рухани ордасына айналатыны сөзсіз.


Айта кетейік, Конияның Исмиль ауданындағы Abai Uyi мәдени-іскерлік үйі – «Отандастар қоры» тарапынан ашылған тоғызыншы орталық. 2019-2023 жылдары Омбы,Ташкент, Бішкек, Киев, Берлин, Ыстанбұл, Алания және Залах қалаларында ашылған болатын.