Қазақстандағы құс шаруашылығы шатқаяқтап қалды
Импортқа тәуелді құс етінің 40 пайызын сырттан тасымалдап отырмыз
Әдетте құс еті мен жұмыртқаға сұраныс төмендемейді. Алайда соңғы кездері құс шаруашылығы өнімдерінің бағасы шарықтап барады. Ал Қазақстанға Ресей арқылы келген құс тұмауы салдарынан қаншама үй құстарының қатарын сиретіп алдық. Оған қоса, жемшөп те күрт қымбаттап, соған кеткен шығынды өтеу мұңға айналды. Әрине, мемлекеттен субсидия алып та жарытпайтын шаруашылық иелеріне құс еті мен жұмыртқасының бағасын көтеруден басқа амал қалмайды мұндайда.
Құрдымның бастауы – құс тұмауы
Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде 49 миллион үй құсы тіркелген. Ал қанаттыларды өсіріп-өндірумен 64 құс фабрикасы айналысып жатыр.
Еске сала кетсек, 2021 жылы жоғары патогенді құс тұмауы әлемнің 26 елінде анықталып, барлығы 459 ошақ тіркелген болатын. Соның салдарынан Ресейдің өзінде 1,5 миллионнан астам құс қырылып қалды. Ал бұл індеттің соңғы өршуін 2005 жылы бастан өткерген Қазақстанда оның алдын алу мақсатында дереу 4,7 миллион құсқа вакцина егу үшін 1,4 миллион доза бөлінді. Тіпті, елде тұмау басталмай тұрып 11,8 миллион құс егілген. Алайда одан айтарлықтай пайда болмады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегінше, H5N8 құс тұмауының өршуі Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Ауру ошақтарын оқшаулау және жою барысында 1,9 миллион құс жойылса, оның 97 пайызы – 4 құс фабрикасына тиесілі.
Сонымен, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ жеке қосалқы шаруашылықтарға 94 470 бас үшін 295,3 миллион, ал «Агроинтерптица» ЖШС-іне 433 066 құс үшін 445,9 миллион теңге төледі. Бұл ретте өтемақының құс тұмауынан өлген қанаттылардың өлексесі ресми тіркеліп, комиссиялық актілер жасалмай жойылған жағдайда төленбейтінін ескерген жөн. Сол шешімге сүйенген «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ өздерінде төленбеген қарыз жоқ екенін мәлімдеді. Алайда індеттен қырылған тауықтары үшін өтемақы толық берілмегенін алға тартқан Арқалық құс фабрикасының құрылтайшылары мемлекеттен қосымша 200 миллион теңге талап етіп, сотқа жүгінді.
Иә, құстарының көбі қырылып, «Агроинтерқұс» ЖШС тоқырауға ұшырағанда, сонда жұмыс істейтін 220 адамның абдырап қалғаны рас. Нарыққа жылына 120 миллион дана жұмыртқа шығарып отырған кәсіпорынды қайта қалпына келтіру үшін 1 миллиард теңге қажет екен. «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» дегендей, әлгі өтемақыны беруден бас тартқан тарап та фабрикадағы құстардың желдетудің болмауынан қырылып қалғанын ескерте қойды.
«Агроинтерқұс» ЖШС-інде 391 мыңнан астам құс өлді. Оның ішінде желдетудің болмауы салдарынан асфиксиядан 256 040 құс қырылды. Бұл тауықтар үшін өтемақы қарастырылмаған, – деді сонда АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов.
Сонда дейміз-ау, 1970 жылдан бері тәп-тәуір жұмыс істеп келе жатқан құс фабрикасының дәл сол құс тұмауы кезінде желдеткіші болмай қалғаны қызық екен...
Одан бөлек, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко аурудың тек мекиендерде ғана болғанын, бройлер құсының залалдану жағдайлары тіркелмегенін алға тартып отыр. Сол себепті құс етін және одан жасалған өнімдерді тұтынудың еш зияны жоқ көрінеді. Ол түгіл, кейбір жоғары патогенді штамдар ауыр тыныс алу ауруын тудыруы мүмкін болғанмен, адамға құс тұмауының вирустары ауырған құстан да жұқпайды-мыс.
Өз өніміміз өңірлерді қамти алмайды
Құс шаруашылығы дегеніміз тәуелсіздік алғалы Қызылорда облысында алға баспай қойған салалардың бірі екен. Сол себепті қазір өңірге құс еті мен жұмыртқасы сырттан тасымалданып жатыр. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, сол сырттан келетін өнім сәл кешіксе болды, базар мен дүкендегі баға шарықтап шыға келеді.
Құс шаруашылығын субсидиялау шарттарына еліміздегі ең ірі компаниялар ғана сай келеді. Олардың қатарына біздің облыс енбейді. Ену былай тұрсын, тіпті маңайлай алмайды. Мысалы, шаруашылық жылына 20 миллион жұмыртқа өндіргенде ғана әр данасына 1 теңгеден субсидия беріледі. Өндіру көрсеткіші ұлғайған сайын мемлекеттік қолдау да арта береді. Ал біздің аймақта ең көп өнім өндіретін кәсіпорын – «Шиелі құс» шаруашылығы. Оның өзі де бір жылда нарыққа 7 миллион жұмыртқа ғана шығарды, – дейді «Атамекен» ҰКП өңірлік агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков.
Сонымен қатар құс фабрикасын салуға қарастырылған инвестициялық субсидия да бар. Бірақ ол үшін кәсіпорын өнімді 50 миллионға жеткізуі керек. Сонда ғана мемлекет құрылысқа кеткен шығынның 25 пайызын қайтарып береді. Өкініштісі, қызылордалық шағын шаруашылықтар субсидиялаудың осы екі талабына да сай келмейді. Сондықтан палата мамандары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерімен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағын құс фермаларына да субсидия беру туралы бірнеше ұсыныс жолдаған. Жауап жоқ.
Қазір біраз өңір жұмыртқа өндірісін жолға қойып, Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдерге экспорттай бастаған. Енді ет бағытындағы құс шаруашылығын қолдауға көңіл бөлінуі мүмкін. Өйтпесе елімізде әлі күнге дейін импортқа тәуелді құс етінің 40 пайызын сырттан тасымалдап отыр екенбіз. Ал өзіміздің өнім ішкі өңірлерді де толық қамти алмайды. Неге десеңіз, экспорттан гөрі импортқа иек артуымызға қымбатшылық басты себеп болып отыр. Біріншіден, тауық балапанына 4 айға дейін 18 түрлі вакцина салынады. Өнім сапалы болу үшін жемге қосылатын 19 түрлі қоспаны және алу керек. Ал сырттан жеткізіліп отырған оның бәрінің бағасы 60-70 пайыз көтерілді.
Жарайды, дәрумен жасауға әзір дәрменіміз жете қоймас, бірақ құрама жемге қосылатын жүгері, соя, күнбағысты өзімізде-ақ егуге болады ғой? Мысалы, бір тонна жемге 25 литр өсімдік майы қосылады. Ал оның да дәрігерлер мен мұғалімдердің айлығымен қоса өскені белгілі.
Керек десеңіз, қазір нарықтағы 1 тонна бидайдың бағасы 90 мың теңгенің үстінде. Бірер жыл бұрын ол 55 мың теңге болған. Ал құс азығына қажетті арпаның әр тоннасы 2019 жылы 45 мың теңгенің төңірегінде болса, 2020 жылдан бастап оның құны 75 мың теңгеге жетті. Демек, құс азығының бағасына қосылған шығын оның еті мен жұмыртқасының өзіндік құнын көтеруге әкелген.
Жұмыртқа құны – «жығылғанға жұдырық»
Жалпы, Қазақстанда қазір 35 кәсіпорын жұмыртқа өндірісімен айналысады. Оған құс тұмауының тигізген әсеріне келсек, індет жұмыртқа өндіру бағытындағы екі құс фабрикасынан анықталған. Олардан өнім жөнелту үдерісі тоқтатылып, еліміздің көп өңірінде жұмыртқа бағасы күрт қымбаттады. Яғни, 10 дана жұмыртқаны құс тұмауының алдында ғана 300 теңгеге сатып алған тұтынушы енді оған 600 теңге төлеуге мәжбүр.
«Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы» ұйымының дерегінше, еліміздегі фабрикалар жұмыртқа туатын тауықтың бестен бірінен айырылған. Яғни, құс тұмауы 2,5 миллион бас құсты жаусатқан. Одан келген қаржылай шығын 3 миллиард теңгеден асып, жағдай шағын шаруашылықтардың банкрот болуына дейін жетіпті.
Ал карантин салдарынан зардап шеккен ірі кәсіпорындар қатарында Солтүстік Қазақстан облысындағы 3 шаруашылық, Қостанай мен Алматы облысындағы 2 шаруашылық бар. Жұмыртқа өндірісіндегі ірі ойыншы санатындағы бұл фабрикалардың құс саны 2,3 миллион басқа дейін кеміген. Соның салдарынан отандық жұмыртқа өндірісінің қарқыны 8,8 пайыз төмендеп кетіпті.
Онсыз да Үкімет біз өндірген өнім үшін көк тиын субсидия төлемейді. Құстарға дер кезінде вакцина егілмеуіне де шаруашылықтардағы қаржы тапшылығы себеп болғаны анық. Өйткені отандық өндірістің өнімі арзан, өзіндік құнды әзер өтеп отыр. Мұндайда құс фабрикаларының жұмысы шатқаяқтамағанда қайтеді? – дейді «Когер ЛДТ» компаниясының директоры Светлана Иванова.
Сондай-ақ депутаттар кейбір отандық құс фабрикалары жабылу алдында тұрғанын, ал құс етінің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусьтен келетінін айтып, премьер-министрден отандық өнімнің қымбаттауына байланысты тиісті шара қолдануды сұрады. Ол үшін 5 жылдық несиелік демалыс ұйымдастыруға жәрдемдесу, сақтандыру жарналарын және асыл тұқымды құс басын сатып алуды субсидиялау, жемшөп қорын құру, әкімшілік кедергілерді жою және бәсекелестіктен қорғауды ұйымдастыру қажет.