Марал шаруашылығын мандытып отыру да оңай емес
Әлемдік нарықта Алтай тауларын жайлаған маралдың өнімдері ғана ерекше бағаланады
Дерекке сенсек, жабайы бұғылар қазір еліміздегі Талас, Іле, Күнгей және Теріскей Алатауларында, Кетпен жотасында, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Оңтүстік Алтайда кездеседі екен. Жалпы саны 15 мың шамасында. Айта кетерлігі, соларды қолға үйретіп, дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы саласына жататын марал бағу жобасын өз қандастарымыз да сәтті іске асыра бастаған. Алайда Қазақстанда 23 марал шаруашылығы бар десек, оның 95 пайызы – ШҚО шаруаларына тиесілі.
ШҚО – марал шаруашылығының «отаны»
Маралды қолға үйретуді алғаш рет 30-жылдары ШҚО Қатонқарағай ауданының аумағындағы Бекалқа ауылының тұрғыны Савелий Ушаков қолға алған. Ол Бұқтырма өзенінің маңынан аталық бұғыны ұстап, бақшасында біраз ұстаған соң кәсіпкер Авдей Шараповқа сатады. Бұғыларды арнайы қоршауда ұстаған Авдей Шарапов кейін біраз маралды Язевая ауылындағы қайын атасы Егор Лубягинге табыстаған.
Сол дәстүрмен Кеңес үкіметі кезінде Қатонқарағай ауданында марал асырауға машықтанған бірнеше кеңшар құрылып, кербұғы саны 20 мыңға жуықтады. Енді қазір Қазақстанмен қатар, Ресей, Канада, Қытай және Жаңа Зеландия мемлекеттері осы шаруашылықпен айналысып отыр. Дегенмен әлемдік нарықта бәрібір Ресей мен Қазақстанның Алтай тауларын жайлаған маралдың өнімдері ғана ерекше бағаланады. Өйткені ол жануарға қажетті маралтамыр өсімдігі Алтайдан басқа жерде өспейді.
Еске сала кетсек, 1996 жылы экологтер Қазақстанда маралдың 200 бас қана қалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Сол сәтте шығысқазақстандық марал өсірушілердің белсене іске кіріскенін атап өткен жөн. Олар облыстық бюджеттен ептеп субсидия ала бастады. Сөйтіп, өңірінде тоқырауға ұшыраған шаруашылық қайтадан өркендеп, жалпы бұғы саны 10 мыңнан асты. Сол себепті Шығыс Қазақстан облысына шетелдің 20-ға жуық білікті маманы барып, пікір алмасты. Содан кейін кербұғыларды өңірдің Ұлан, Күршім, Көкпекті, Зырян және Зайсан аудандары өсіре бастады.
Бұл ретте марал бағудың бар мәні оның құрамында 25 түрлі амин қышқылы мен басқа да микроэлементтері көп мүйізінде ғана тұр. Себебі қатпаған мүйізден алынатын пантыны осыдан 3 мың жыл бұрын тибеттік медицина кеңінен қолданған. Бүгінде оның халықаралық нарықтағы бағасы 2 мың доллар тұрады. Ал еліміздегі шаруашылықтар арзанға алғысы келетін сатып алушылардың сылтауы салдарынан, таптырмас тауарды 200-250 доллардан сатуға мәжбүр. Кезінде де Қатонқарағайда дайындалған пантылар 80 долларға сатылып, түскен табыс шығынды ақтамағандықтан, марал басы азайған болатын. Қазір елімізде жылына 15 тоннаға жуық панты дайындалса, оның 80 пайызы экспортқа шығарылады. Әсіресе, Зырян ауданы кесілген мүйіздерді Корей түбегіне түгелдей сататын мүмкіндікке ие.
Сондай-ақ пантымен емдейтін орталықтар көбейіп келеді. Қазір Шығыс Қазақстан облысының өзінде 30-ға жуық емдеу-сауықтыру орны бар. Олардың жұмысы маусым-шілде аралығында барлық марал шаруашылығында мүйіз кесу маусымы басталғанда жүреді. Жұрт көбіне қанды мүйізді кескен сәтте-ақ ішеді. Одан кейін мүйіз бірнеше рет қайнатылып, одан емдік дәрі-дәрмек пен дәрумен жасалады. Мамандардың айтуынша, марал мүйізінің бағасы оның қайнатылуына байланысты. Мейлінше ұзақ қайнатылғанының бағасы жоғары болады.
Шындығына келсек, марал шаруашылығын ұстау ауқымды қаражатты талап етеді. Оның күтімі, ветеринариялық құжаттары мен жемшөбі бар деген секілді. Сондықтан 2009 жылы Қатонқарағайда маралды пайдаға асыру мақсатында біз панты емдеу санаторийін аштық. Ем алушылардың негізгі ағыны жазда келеді. Сол 3 айдың ішінде 1 мыңнан астам адамды қабылдаймыз, – деді «Баян» шипажайының директоры Дариға Исабаева.
Негізінен көпшілік онда белсіздік пен бедеулік, буын ауруы, жүрек, нерв, тері, жыныстық аурудың түр-түрімен жүгінеді екен. Германия, Ресей, Швейцария, Израиль, Қытай сияқты елдерден жыл сайын келетін тұрақты тұтынушылары бар. Олар өзімен бірге жаңа туристерді ерте келетін көрінеді. Қазір ШҚО-да марал өсірушілер жаңа технологияларды меңгерген. Оларға марал шаруашылығын зерттеуші қытайлық ғалым Чан Шау Мин қолдан ұрықтандырудың озық тәсілдерін үйретіпті. Осылайша, елімізде бұрын қолданылмаған тәсіл көрсеткішті 2 есе артып, 100 бас аналықтан 80-90 төл алатын деңгейге жеттік.
Маралтамыр жоқ жерге жерсінгенмен...
ШҚО-дан бөлек, Алматы облысына қарасты Ақсу ауданындағы кәсіпкер де марал шаруашылығын дамыту ісін қолға алған. Өскемен өңірінен жеткізілген 23 бас кербұғыны жерсіндірген ол, енді арнайы шипажай ашпақ ниетте. Маралдарды қыста ашық қоршауда ұстап, жазда Жоңғар Алатауының баурайында қоршалған 10 гектардай жерге жібереді екен. Жобаның жалпы құны – 40 миллион теңге. Қазір жеке инвестицияның жартысынан астамы игерілген. Өйткені пандемияға қарамастан Алакөл жағалауына келушілер легі толастай қоймапты.
Сондай-ақ еліміздің батыс өңірлерінде бұрын-соңды болмаған бұғы шаруашылығы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Қазан ауылында ашылды. Ондағы «Зәру» атты пантыемдеу шипажайы аз уақыттың ішінде ақтөбеліктердің арнайы ат басын бұратын орнына айналған.
Біз «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден пайыздық мөлшерлемені субсидиялау негізінде 150 миллион теңге көлемінде қаржы алып, марал шаруашылығын дамытуға кірістік. Өз қаражатымызды да салдық. Кәсібімізді дамыту үшін 700 гектар жер телімі де берілді. Жалпы ұзындығы 15 шақырымға жететін аумақты түгел қоршап, маралдың еркін жайылуына жағдай жасадық, – дейді кәсіпкер Бану Тілегенова.
Оған қоса «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында 12 миллион теңге несие алған.
Маралдың бір мүйізі 9 келіден 15-20 келіге дейін жетеді. Ал бір марал мүйізінен 1,5 литр қан шығады. Одан кейін мүйіздің орны залалсыздандырылады. Сосын ол мүйіз 72 күннің ішінде өсіп шығады. Бұл ретте «Емдеу шараларының жаздың екі айына ғана байланып қалғаны қиын» деседі шаруалар. Әйтпесе мүйізді уақытында кесіп, қатырып, жібітіп ішсе, пантымен ем қабылдауды жыл бойы үздіксіз жүргізуге болады екен. Бірақ оған кәсіпкерлердің қолы қысқа.
2009 жылдан бастап «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде де Ақмола облысының емдеу орындарын пантымен қамтамасыз ететін марал шаруашылығы жұмыс істеп келеді. Ондағы кербұғы саны 200 басқа жуықтаған. Оған да жануарлар Шығыс Қазақстан облысынан жеткізілген.
Бұдан бөлек, қазір емдеу процедуралары Ақмола облысының «Оқжетпес» шипажайы жанында, Павлодар облысының «Черноярская жемчужина» демалыс үйі базасында, Маңғыстаудағы «Кендірлі» және Астанадағы «Қатонқарағай», Алматыдағы «Қазақстан» шипажайларында жасалады.
Бірақ бір ескерерлігі, Алматы, Ақмола, Ақтөбе облыстарына жерсіндірілген маралдың қасиеті бәрібір маралтамырмен қоректенген Алтай кербұғысының қасиетіне жете алмайтын көрінеді. Бұл өңірлер түгіл, өз тауарының сапасыздығын мойындаған қытайлық және жаңазеландиялық шаруалар марал өнімдерінің халықаралық нарықтағы бағасын төмендетіп, арзанға сатып жатыр.
Панты өндіруіміз де проблема
Марал шаруашылығына мемлекеттен қаржылай қолдау жоқ. Өйткені 7 ай бойы жануарлардың күйін кетірмей баптауға аз қаржы кетпейді. 30-40 шақырымға созылатын қоршауды күзетудің өзі оңай емес. Оған қоса жемшөп пен жол шығыны тағы бар. Сол үшін Қытайда мүйіз жылына кемінде екі рет кесіледі екен.
Әрине, марал шаруашылығына соңғы жылдары бюджеттен субсидия бөлініп келген. Енді ол тек маралдың тұқымын асылдандырамын деушілерге ғана бір бас аналығы үшін 10 мың теңгеден беріледі. Сондықтан бұған дейін бұғы шаруашылығын қалай дамытамыз деген сауал тұрса, қазір қалай сақтап қаламыз деген мәселе туындаған.
Бұғы мал емес. Қораға қамап, қолдан жемдеп ұстауға келмейді. Ол мүйізіндегі нәрді Алтайдың сирек шөптерінен ғана жинайды. Сондықтан тау бөктерінен жүздеген гектар аумақты қоршап, сонда ұстайды. Ал оны кез келген қожалықтың қалтасы көтере бермейді, – дейді бұғышылар қауымдастығының президенті Нұрлан Тоқтаров.
Сондай-ақ соңғы 30 жыл көлемінде бұғы шаруашылықтары қан жаңарту жұмыстарын жүргізбеген.
Осы салаға маманданған ветеринардың жоқтығы салдарынан қазір қолдағы бұғылардың бойында қандай жасырын дерттер жүргенін біле алмай отырмыз, – дейді өскемендік кәсіпкер Лұқбек Тұмашинов.
Ең ғажабы, марал мүйізі қанының емдік пайдасы бар екенін әлемде жұрттың көбі білгенмен, оның ешқандай ғылыми дәлелі жоқ.