Samruk-Kazyna Construction компаниясына кәсіпкерлерден шағым көп түсіп жатыр

Samruk-Kazyna Construction компаниясына кәсіпкерлерден шағым көп түсіп жатыр skc.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 28 маусым, 2024

Нұрлан Жақыпов компания жұмысында кемшіліктер барын мойындады

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Үкіметке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Samruk-Kazyna Construction компаниясының қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы есеп берді. Осы орайда ол компания жұмысында кемшіліктер барын мойындады. Алайда Олжас Бектенов оларды қабылдамады.

Нұрлан Қаршығаұлы, сіз баяндамыңызда жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту жұмысы кешіктіріліп жатқанын айттыңыз. Себебіне де тоқталдыңыз. Бірақ олар қабылданбайды. Жұмысты барынша тездетіп, барлық жұмыс мерзімінде аяқталуы керек, - деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол Samruk-Kazyna Construction компаниясына кәсіпкерлерден көп шағым түсіп жатқанын жеткізді.

Кәсіпкерлер тарапынан Samruk-Kazyna Construction компаниясының жұмысына қатысты шағым көп түсіп жатыр. Маған «Құрылыс материалдарын, технологиялық жабдықтар мен жиһаздар сатып алу ісінде өзіміздің отандық өндірушілерді қатысуы бойынша шектеулер бар» деген ақпарат келіп жатыр. Бұл проблеманы шешу үшін қандай жұмыс істеліп жатыр? - деді Үкімет басшысы.

Нұрлан Жақыпов тиісті жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

Біз «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өңірлерде арнайы жиһаз комиссиялары құрылды. Бүгінде «Атамекен» ҰКП-ға пассаттық материалдар тізбесі беріліп жатыр. «Атамекен» тараптарға сәйкес келетін отандық өндірушілердің тізімін қалыптастыруы керек. Оларды қолдау үшін қажет құралдар Үкімет қаулысы жобасын іске асыру кезінде қолданылады, - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы.

Үкімет басшысы оған осындай кемшіліктерге жол берілмеуі керектігін, ұлттық жобаға тек Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алу қажеттігін тапсырды.