Сенаторлар букмекерлік кеңсе жарнамасына тыйым салатын заңды мақұлдады
Құжат аясында 7 кодекс пен 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда мақұлданды.
Сенатор Әсем Рахметова құжат аясында 7 кодекске және 14 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді.
Біріншіден, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізімін нақтылау бойынша тиісті нормалар енгізілді. Бұл тұрғыда 21 жасқа толмаған азаматтар, құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға өзіне шектеу қойғандар, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелері орындалмаған әрі борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдар, сондай-ақ құмар ойындарға қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған адамдар ескерілді, - деді ол.
Екіншіден, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленіп, консультациялық медициналық бақылау енгізілген. Үшіншіден, ұялы байланыс операторларына электронды казино, интернет-казино, құмар ойындар, бәс тігу жарнамасы бар мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салу қарастырылған.
Сонымен қатар заңда лотерея билеттерін тек лотерея операторы және агенті арқылы тарату жөніндегі талаптар бар.
Әсем Рахметова енді букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салынатынын атап өтті.
Лотерея билеттерін тарату, өткізу орындары нақтыланды. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға әрі терминалдарын орнатуға тыйым салынған. Ғимараттарда, көліктерде, БАҚ-та, кино және анықтамалық қызмет көрсетудегі сыртқы жарнамада букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға, Қазақстанның аумағында лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстары қызметіне тыйым салынған, - деді депутат.
Сонымен қатар құжатта букмекерлердің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету ескерілген.
Енді заңға президенттің қол қоюы қалды.